Алматы облысында синтетикалық есірткі өндірісін өрістеткен трансұлттық қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Іс материалдары бұл жай ғана қылмыс емес, бірнеше елдің азаматтары тартылған, жүйелі түрде жұмыс істеген жасырын өндірістік желі болғанын көрсетеді, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық топ құрамында болған 7 шетел азаматы синтетикалық есірткі заттарын өндіру және тарату ісімен айналысқан. Тергеу барысында құқық қорғау органдары 3 жасырын зертхананың орнын анықтаған.
Тінту кезінде тәркіленген заттардың ауқымы істің масштабын айқын көрсетеді: 90 килограмнан астам дайын психотроптық заттар, бір тоннадан асатын прекурсорлар мен химиялық компоненттер, сондай-ақ өндірістік жабдықтар. Сарапшылар мұның «қара нарықтағы» құнын шамамен 1,5 миллиард теңгеден асады деп бағалап отыр.
Бұл – кездейсоқ жасалған әрекет емес, керісінше, ұйымдасқан, логистикасы бар, өндіріс пен өткізу тізбегі қалыптасқан жүйе. Яғни есірткі тек тұтыну деңгейінде емес, өнеркәсіптік масштабта дайындалған.
Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас деректерді ұсынған. Нәтижесінде сот оларды 19 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар сотталғандарға тиесілі 3 тұрғын үй мен автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, бұл желі Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында есірткінің кең таралуына тікелей қауіп төндірген. Жасырын өндіріс ошақтарының әшкереленуі аймақтағы есірткі нарығына бағытталған соққы ретінде бағаланып отыр.
Дегенмен бір ірі топтың жойылуы мәселені толық шешпейді. Себебі мұндай құрылымдар көбіне бір орталықтан басқарылатын, бірақ бірнеше буыннан тұратын желі ретінде жұмыс істейді. Сондықтан бұл іс – тек сот залында аяқталған процесс емес, көлеңкелі нарыққа қарсы күрестің бір эпизоды ғана.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.