Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

1414-тен келген SMS-кодты алаяқтарға айтсаңыз не болады? Мамандар маңызды ескерту жасады

1414-тен келген SMS-кодты алаяқтарға айтсаңыз не болады? Мамандар маңызды ескерту жасады
pexels

1414 нөмірінен келген бір реттік SMS-кодты бөгде адамға айту жеке деректеріңіз бен қаржыңызға қауіп төндіруі мүмкін. Алаяқтар мұндай кодты мемлекеттік қызметтердегі әрекеттерді растау үшін пайдалануы ықтимал. NoFake.kz мамандары 1414 жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіріп, кодты айтып қойған жағдайда не істеу керегін еске салды, деп хабарлайды ult.kz.

Бір SMS-код арқылы не істеуге болады?

Мұның бәрі кодтың қандай мақсатта жіберілгеніне байланысты. Мәселен, eGov порталына ЭЦҚ арқылы кірген кезде 1414-тен келген код жеке тұлғаны қосымша растау үшін қолданылады. Ал Мобильді азаматтар базасына тіркелу кезінде телефон нөмірін растауға қажет.

Сондықтан кодты бөгде адамға беру сіздің атыңыздан басталған әрекеттің растау кезеңінен өтуіне мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен SMS-кодты айту автоматты түрде шоттан ақша алынды немесе несие рәсімделді дегенді білдірмейді.

Бұған дейін кейбір мемлекеттік сервистерге кіру үшін телефонға келген бір реттік код жеткілікті болатын. Алайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы желтоқсаннан бастап 1414 арқылы SMS жіберетін жүйелерге кіру үшін биометриялық сәйкестендіру, ЭЦҚ немесе eGov QR қажет.

Бұл талапты орындамаған жүйелер 1414-тің SMS жіберу қызметінен ажыратылған.

SMS-кодты айтып қойсаңыз, не істеу керек?

Ең алдымен, күмәнді қоңырауды дереу тоқтатыңыз. Алаяқтар артынша өздерін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, «атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытуы мүмкін.

Бас прокуратураның ескертуінше, мұндай жағдайда алаяқтар азаматтарды өз атына несие алуға және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.

«Мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан SMS-тен бір реттік кодтарды, карта деректерін немесе парольдерді сұрамайды», – деп ескертеді Бас прокуратура.

Мұндай жағдайда мына әрекеттерді орындау қажет:

  • 1414-ке өзіңіз хабарласыңыз. SMS мәтінін мұқият оқып, қандай қызметке қатысты код келгенін анықтаңыз.
  • eGov жеке кабинетіңізді тексеріңіз. «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен өзіңіз бермеген өтінімдердің бар-жоғын қараңыз.
  • Банкке хабарласыңыз. Егер карта деректерін де беріп қойсаңыз немесе күмәнді ақша аударымы жасалса, банктің ресми нөміріне қоңырау шалып, картаны бұғаттауды сұраңыз.
  • Полицияға жүгініңіз. Шотыңыздан ақша шешілген жағдайда 102 нөміріне хабарласып, арыз беріңіз.
  • Кредиттік тарихыңызды тексеріңіз. Атыңызға несие рәсімделгеніне күмәндансаңыз, eGov.kz арқылы жеке кредиттік есеп алыңыз. Егер өзіңіз алмаған қарыз анықталса, кредит берген ұйымға және полицияға хабарласыңыз.

Сонымен қатар болашақта атыңызға несие рәсімделуіне шектеу қою үшін eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы «Стоп-кредит» қызметін қосуға болады.

Ал ЭЦҚ кілтін беріп қойсаңыз ше?

Егер SMS-кодпен бірге электрондық цифрлық қолтаңба кілтін де бөгде адамға жіберсеңіз, pki.gov.kz сайты арқылы қолданыстағы сертификатты кері қайтарып, жаңасын алу қажет.

Ал тек SMS-кодты айтып қойған жағдайда алдымен оның қандай қызметке қатысты екенін анықтаған жөн.

Ең бастысы, өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері деп таныстырған адамның «ақшаңызды қорғау» туралы нұсқауына ермеңіз. Бөгде адамның өтінішімен несие алмаңыз және ақша аудармаңыз.