Түркияның TAV Airports холдингі Алматы халықаралық әуежайының қалған 15 пайыз акциясын 133 миллион долларға сатып алып, нысанның жалғыз иесіне айналды, деп хабарлайды ult.kz.
Компанияның ресми мәліметінше, мәміле аясында миноритарлық акционер VPE Capital-ға тиесілі 15 пайыздық үлес 133 миллион долларға сатып алынған. Қазіргі уақытта мәмілені рәсімдеу аяқталуға жақын.
TAV Airports бас атқарушы директоры Серкан Каптанның айтуынша, Алматы әуежайы жоғары операциялық көрсеткіштерін сақтап, Орталық Азиядағы маңызды авиациялық хаб ретіндегі орнын нығайтып келеді.
– Алматыға бағытталған инвестициялар жоспарға сай жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін жолаушыға шаққандағы тарифтердің кезең-кезеңімен өсуін күтіп отырмыз. Бұл авиаотын көлемінің қысқаруына байланысты түсімдегі төмендеудің орнын едәуір толтыруға мүмкіндік береді, – деді Серкан Каптан.
Оның сөзінше, компания алдағы уақытта да әуежайдың табыстылығын арттыруға, операциялық тиімділікті жақсартуға және ұзақ мерзімді кіріс көздерін қалыптастыруға басымдық береді.
Қазір Алматы халықаралық әуежайында ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Олар Horizon жобасының алғашқы кезеңі мен 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді мастер-жоспар аясында жүзеге асырылуда.
Жоба шеңберінде ішкі рейстерге арналған T1 терминалы жаңартылып жатыр. Негізгі жұмыстардың бірі – жолаушыларды тіркеу және ұшып шығу аймақтарын жаңғырту. Қазір 10 тіркеу орны толық жаңартылып, тағы 13 орын қайта жабдықталуда. Жаңартылған тіркеу аймағының жалпы аумағы 1 700 шаршы метрді құрайды.
Сонымен қатар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында ұшу алдындағы рәсімдерді жеделдететін жолаушылар мен отырғызу құжаттарын тексеруге арналған бес автоматтандырылған TDAS пункті орнатылды.