Астанадағы атышулы жылы аялдамаларға қанша миллион жұмсалғаны белгілі болды

Астанадағы атышулы жылы аялдамаларға қанша миллион жұмсалғаны белгілі болды

Былтыр қыста Астанада «жылы аялдамалар» төңiрегiнде шу шықты. Жергiлiктi билiк бiр автобус аялдамасына бәлен миллион ақша жұмсаған. Бұл ысырапшылдық жұртшылықтың жағасын ұстатты. Әйтсе де, жабық павильондар қаланың барлық жерінде орнатылды. Жалпы саны – 27. Бiрақ бұл мақсатқа қанша қаражат бөлiнгенiн және кейiнгi аялдамалардың бағасы туралы билiк тiс жармауды жөн көрдi. Жобалық смета құжаттарын да көрсетпедi. Дей тұрғанмен, Астана әкiмдiгiне қайта-қайта сұрау салып, қалалық қоғамдық кеңестiң араласуымен, әйтеуiр, қанша ақша жұмсалғанын бiлдiк.

Алғашқы жабық павильон Астанада былтыр қазан айында орнатылды. Жергілікті биліктің бұл бастамасына елорданың аязы мен желінен бүрсеңдейтін тұрғындардың қуанғаны рас. Жабық аялдаманың iшi жылы, бұған қоса ол бейнебақылау және Wi-Fi жүйесімен жабдықталған. Автобустардың бағдарын көрсететін ақпараттандыру жүйесі де бар.

Осылайша жап-жақсы басталып еді, бірақ соңы дауға ұласты. Өйткені бiр аялдамаға 10 млн теңге жұмсалыпты. Жұртшылық бұл тым қымбат десті. Тiптi ресейлiктер де бұл бағаға таңғалды. Мәселен, Красноярде осындай бiр аялдама әлдеқайда арзанға түскен. Бiрақ автобус павильондарын қойған «Астана LRT» ЖШС-нiң мамандары екеуiн сапа жағынан мүлдем салыстыруға болмайды деп шыр-пыр болды. Осы кезде жылы аялдаманы 5 млн теңгеге орнатып беруге дайын компаниялар да табылды.

Сайып келгенде, көпшiлiктiң ойы аялдама құнын қайта есептеу қажет дегенге келiп тоғысты. Солай жасалған да сияқты. Қалалық әкiмдiктен сұрап алған мәлiметке сүйенсек, жылы аялдамаларды салуға 199,8 млн теңге қаржы бөлiнген. Жалпы, өткен қыста қала бойынша 27 автобус павильоны орнатылды. Алғашқысының құны - 10 млн теңге. Ендi өзiмiз есептеп көретiн болсақ, кейiнгi аялдамалардың әрбiреуiне шамамен 7 миллион 300 мың теңге жұмсалған.

«Жылы аялдамалардың құны жобалық смета құжаттарына сәйкес анықталды. Атап өтерлiк жайт, 2015 жылдың желтоқсан айында Астана қаласы прокуратурасы атқарылған жұмыс көлемiнiң нақты сәйкестiгiн тексердi. Алынған тауарлардың құны және жасалған қызмет ақысы толықтай өтелдi, ешқандай заңбұзушылық анықталмады», - деп жазылған Астана қаласы жолаушылар көлiгi басқармасының жауабында.

Астанада барлығы 82 осындай аялдама орнатужоспарланған. Сонда әлi 55 павильон керек. Аз қаражат емес. Сондықтан бюджет жүгiн жеңiлдету үшiн көлiк инфрақұрылымы жобаларына инвесторлар тартылмақшы. Қазiргi уақытта компаниялармен келiссөздер жүргiзiлiп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Соның нәтижесiнде құрылыс құны анықталмақ.

Айымгүл ӘБІЛЕВА

Baq.kz