Қырғызстандағы Қытай елшілігінде жарылыс болды (Фото)

Қырғызстандағы Қытай елшілігінде жарылыс болды (Фото)

Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) баспасөз қызметі "Қытайдың Бішкектегі елшілігінде болған жарылыстан бір адам қаза тауып, үш адам жараланғанын" хабарлады.

Қазір құтқарушылар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем дәрігерлері оқиға болған жерде жүр. Қырғызстан ТЖ министрі Кубатбек Боронов та оқиға орнына барған.

Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Жеңиш Разаков та Бішкектегі Қытай елшілігінде жүр. Мәліметке қарағанда, жанкешті "Мицубиси Делика" көлігімен елшіліктің батыс жағындағы брондалған қақпасын соғып кіріп, жарылыс құрылғысын іске қосқан. Жарылыстан жанкештінің көлігі талқан болып, техника қалдықтары жан-жаққа шашылған, женкештінің денесі де бірнеше бөлікке бөлініп кеткен.

Қытай елшілігі Бішкектегі "Киргизия-2" ауданындағы Бакаев көшесінде орналасқан. Елшіліктің қырғызстандық күзетшісі басынан жарақат алған. Жанкештіден басқа құрбан жоқ. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жанкештінің мақсатына жетуіне брондалғон қақпа кедергі келтірген.

Бішкектің қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі үш адамның жарақат алғанын хабарлады.

Қытай елшілігі аумағында болған жарылыстан маңайындағы үйлердің терезелері сынған. Бұл туралы сол аудандағы өзін Замир деп таныстырған күзетші айтқан. Оның сөзіне қарағанда, жарылыс кезінде шыққан оттың жалыны өте биік болған.

Елшілік аумағында жарылыстың қатты болғанын, терезелердің сынғанын сол маңдағы тұрғындар да растады.

"Азаттық"