Үндістанның Батыс Бенгалия штатында 12 жастағы қызды зорлап, өлтірді деген күдікке ілінген ер адамды жергілікті тұрғындар ұрып өлтірді. Оқиға Баруипур қаласында болған, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция мәліметінше, қыз 4 шілдеде үйінен шығып, кейін хабар-ошарсыз кеткен. Келесі күні оның денесі жақын маңдағы тоғаннан табылған. Сараптама барысында қыздың жыныстық зорлыққа ұшырағаны анықталған. Тергеушілердің мәліметінше, қылмыскерлер оны қапқа салып, тірі күйінде тоғанға тастаған болуы мүмкін.
Қыздың өлімі туралы хабар тарағаннан кейін жергілікті тұрғындар арасында наразылық күшейген. Ашуға булыққан адамдар қылмысқа қатысы бар деп күдіктенген 26 жастағы ер адамды ұстап алып, соққыға жыққан. Ол алған жарақатынан көз жұмған. Алайда кейін полиция оның қыздың өліміне қатысы болмағанын анықтаған.
Оқиғаға байланысты бірнеше адам қамауға алынды. Тергеу барысында полиция қызды қылмыс орнына алдап апаруға көмектесті деп күдік келтірген Прабаш Мондалды ұстаған. Кейін ол полициямен бірге қылмыс орнын тексеру кезінде қашуға әрекет жасағаны айтылып, атыс кезінде қаза тапты.
Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қыздың аты-жөні мен отбасы туралы жеке деректер жарияланбаған.