114 қару мен 32 келі есірткі: ІІМ экстремистерді ұстау операциясын көрсетті

114 қару мен 32 келі есірткі: ІІМ экстремистерді ұстау операциясын көрсетті
Видеодан скриншот

Қазақстанда 2024 жылдың басынан бері діни-экстремистік идеяларды жамылған 22 қылмыстық топтың жолы кесіліп, 64 адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

ІІМ мәліметінше, полиция олардың бопсалау, тонау, алаяқтық, браконьерлік және есірткі саудасымен айналысқанын анықтады. Сонымен қатар атыс қаруын заңсыз сақтаған.

Жалпы радикалды діни идеологияны ұстанушыларға қатысты 155 пайдакүнемдік-зорлық қылмысы ашылған.

Операциялар барысында 114 атыс қаруы, үш суық қару, жеті граната, 1600-ден астам оқ-дәрі және 32 келіден астам есірткі тәркіленді.

Мәселен, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам тұрғынның 7,5 млн теңгесін тартып алған. Сот оларды 5-6 жылға бас бостандығынан айырды.

ІІМ интернетте радикалды идеология мен терроризмді насихаттауға қарсы жұмыстар да жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ақтөбе мен Түркістан облыстарында осындай материалдарды таратқан адамдар бірнеше жылға сотталған.

Ведомство діни сенімнің қылмысты, зорлық-зомбылықты және алауыздықты ақтауға негіз бола алмайтынын ескертті.