Қостанай облысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтың тұрғын үй кезегіне қатысты дауы сотта шешілді. Мектеп-интернаттың салғырттығынан баспана кезегіне уақытында тіркелмеген азамат өз құқығын арада 11 жыл өткен соң қалпына келтірді, деп хабарлайды ult.kz.
Іс материалдарына сәйкес, қазақстандық азамат 2007 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, мектеп-интернатқа орналастырылған. Қолданыстағы тәртіп бойынша, мекеме оны 2009 жылдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде кезекке қоюға тиіс болған. Алайда тиісті шаралар уақытында қабылданбаған. Нәтижесінде ол тұрғын үй кезегіне тек 2020 жылы өз бетінше тіркелген.
Арада алты жыл өткен соң азамат құқығын қорғау үшін Қостанай облысының әкімшілік сотына жүгінген. Тұрғын үй кезегін жүргізуге жауапты «Отбасы банк» жауапкер ретінде іске тартылды.
Сот тараптарға дауды медиация тәртібімен шешуді ұсынды. Келіссөз нәтижесінде екі тарап ортақ мәмілеге келген.
«Келіссөз нәтижесінде талап қоюшы мен жауапкер өзара шешімге келіп, медиациялық келісім жасады. Оның шарттары бойынша жауапкер талап қоюшыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке қойған күнді 2020 жылдан 2009 жылға ауыстыруға міндеттелді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот медиациялық келісімді бекітті. Осылайша, азаматтың тұрғын үй кезегіндегі мерзімі 11 жылға кері шегеріліп, бұған дейін жіберілген олқылықтың салдары түзетілді.