Freedom Inside '26

11 жастағы жетім қыз анасының қарызын өтеуге мәжбүр

11 жастағы жетім қыз анасының қарызын өтеуге мәжбүр
Фото: freepik

Петропавлда жетім қыздан марқұм анасының несиесін өндіру ісі сотқа жетті, деп хабарлайды ult.kz.

Sn.kz сайтының мәліметінше, Петропавл қаласында коммерциялық банк 11 жастағы жетім қыздан қайтыс болған анасының 90 мың теңге көлеміндегі тұтынушылық несиесін өндіріп алуды талап етіп, сотқа жүгінді.

Белгілі болғандай, 5-сынып оқушысының анасы бір жыл бұрын инфаркт салдарынан көз жұмған. Оның артында өтелмеген несие қарызы қалған. Осыған байланысты кәмелетке толмаған қыз азаматтық іс бойынша жауапкер ретінде танылған.

Сот отырыстарына оқушының өзі қатыспайды. Оның мүддесін туған әпкесі әрі заңды қамқоршысы Зинаида М. қорғап жүр.

Ал банк өкілі Асель Есентаеваның айтуынша, қаржы ұйымы қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін айыппұлдар мен өсімпұлдарды толық есептен шығарған. Сондықтан сот арқылы тек негізгі қарыз сомасын ғана өндіріп алуды сұрап отыр.

Қазір іс соттың қарауында. Ал қыздың туыстары бұл талап-арыздың салдарынан жетім баланың жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупі бар екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде.