100-ден астам жолаушысы бар ұшаққа найзағай түсті

100-ден астам жолаушысы бар ұшаққа найзағай түсті
Фото: depositphotos.com

Германияның Штутгарт қаласынан Венаға бағыт алған Eurowings әуе компаниясының ұшағы найзағай соққаннан кейін ұшып шыққан әуежайына қайта оралуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы немістің Bild басылымы жазды.

Оқиға 30 шілдеде болған. Airbus A320 әуеде ұшып бара жатқан кезде оған найзағай түскен. Ұшақ бортында 106 жолаушы мен экипаж мүшесі болған.

Қауіпсіздік мақсатында ұшқыштар ұшақты кері бұрып, Штутгарт әуежайына қайту туралы шешім қабылдаған. Әуе кемесі ұшып шыққаннан кейін шамамен 40 минут өткен соң әуежайға аман-есен қонған.

Eurowings әуе компаниясы бұл жағдай жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігіне қауіп төндірмегенін мәлімдеді. Қонғаннан кейін ұшақты техникалық мамандар тексерген.

Жолаушылар басқа рейстерге ауыстырылды. Компанияның хабарлауынша, техникалық тексеру аяқталған соң ұшақты сол күннің ішінде қайтадан тұрақты рейстерге шығар жоспарланған.