10 жылдық жаза өзгермеді: Атыраудың бұрынғы вице-әкімі түрмеде қалады

10 жылдық жаза өзгермеді: Атыраудың бұрынғы вице-әкімі түрмеде қалады
© Tengrinews.kz

10 жылға бас бостандығынан айырылған Атырау облысы әкімінің экс-бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

КТК мәліметінше, Астана қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты бұрынғы шенеуніктің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Сот шешімімен келіспеген Таубаев апелляциялық шағым түсірген. Алайда Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шағымды қарап, бірінші сатыдағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды.

Осылайша, Нұрлан Таубаев жазасын өтеуді жалғастырады. Экс-шенеуніктің бостандыққа шығуына шамамен екі жылдай уақыт қалған.

Таубаев 2022 жылдың мамырынан бері колонияда жазасын өтеп жатыр. Оған дейін екі жылға жуық уақыт тергеу изоляторында болған.

Еске сала кетейік, 2020 жылы Нұрлан Таубаев пен сол кездегі Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров жол құрылысына қатысты мердігер компания өкілінен 182 млн теңге көлемінде пара алмақ болды деген күдікпен ұсталған.

2022 жылдың мамырында сот Нұрлан Таубаевты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған.