2026 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Бұл жаңашылдықтар тұрғын үй, саясат, білім, мұнай-газ саласы мен жол қозғалысына қатысты. Сонымен қатар тамыз айында бірнеше маңызды науқан басталады, деп хабарлайды ult.kz.
«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылады
1 тамыздан бастап әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы қайта жұмысын бастайды. Бағдарлама арқылы баспана алуға ниетті азаматшалар жеңілдетілген шарттармен несие рәсімдей алады. Бағдарлама тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Құрылтай сайлауы өтеді
Тамыз айындағы ең маңызды саяси оқиғалардың бірі – Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауы. Дауыс беру нәтижесінде 145 депутат сайланады. Бұл елдегі жаңа саяси жүйенің қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Білім гранттарының нәтижесі жарияланады
Тамыз айында талапкерлер мемлекеттік білім гранттарының иегерлері анықталады. Мыңдаған түлек үшін көптен күткен шешім осы айда белгілі болады. Одан кейін жоғары оқу орындарына құжат қабылдау жалғасады.
Мұнай өндіру көлемі артады
Энергетика саласында да өзгеріс бар. Тамыз айынан бастап Қазақстан мұнай өндіру көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл экспорт көлеміне және мемлекеттік бюджет кірісіне оң әсер етуі мүмкін деп күтілуде.
Жүргізушілерге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді
25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізіледі. Олардың қатарында жүргізуші куәлігіне, медициналық тексерулерге және көлік құралын басқару құқығына қатысты жаңа талаптар бар. Өзгерістердің негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігін күшейту және жол-көлік оқиғаларының санын азайту.
Алимент төлеу тәртібіне өзгерістер енгізіледі
25 тамыздан бастап алимент өндіру және төлеу рәсімдеріне қатысты жаңа нормалар күшіне енеді. Өзгерістер төлемнің орындалуын тиімді бақылауға және балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Тамыздағы демалыс күндері
Биыл Конституция күні 30 тамыз сенбіге сәйкес келеді. Осыған байланысты демалыс күні келесі жұмыс күніне ауыстырылып, бес күндік жұмыс аптасымен жұмыс істейтін қазақстандықтар қатарынан үш күн – 30, 31 тамыз және 1 қыркүйекке дейінгі мерекелік демалысты пайдаланады.