Қазақстанда бастауыш сынып оқушыларын бағалау жүйесі өзгереді. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4 сынып оқушылары жаңартылған тәртіп бойынша бағаланады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.
Министрлік бұл өзгерістерді ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары мен тәжірибесі, оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері және отандық әрі халықаралық зерттеулердің қорытындылары негізінде енгізіп отыр.
Бұл ретте критериалды бағалау жүйесі сақталады.
Бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды. Ал 2-4 сыныптарда формативтік бағалау сақталып, оның тоқсандық бағадағы үлесі артады. Ол бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі, бірақ балл қою тәртібі нақтыланады.
Аралық бағалау енгізіледі
Жаңа жүйеде оқу бөлімдерін меңгеру деңгейін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі.
Формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу барысындағы жетістігін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір оқу бөлімі аяқталғаннан кейін меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді. Оқу бөлімдерінің нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады. Сондай-ақ тоқсан соңында бұған дейін бағаланған бөлімдердің барлығын қамтитын жеке жиынтық жұмыс жүргізілмейді.
Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Министрлік бұл оқушылардың бағалау жүктемесін азайтып, мұғалімдердің ТЖБ тапсырмаларын әзірлеу, өткізу және тексеруге жұмсайтын уақытын қысқартатынын атап өтті.
Аралық бағалаудың форматы да өзгереді. Оның негізгі түрлерінің бірі ретінде диктант, бақылау жұмысы, шығарма және мазмұндама сияқты жазбаша жұмыстар қарастырылады.
Оларды орындауға оқушыларға толық 45 минуттық сабақ уақыты беріледі.