17 мам, 2018 сағат 14:44

Жаңа құрылған «Жаңа Қазақстан» форумы ресми мәлімдеме жасады

Алматыда «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» Форумының алғашқы баспасөз маслихаты өтті.

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» форумының құрылуы туралы

МӘЛІМДЕМЕ

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» Форумы – қоғамдық бірлестік жетекшілері, саясаткерлер, құқық қорғаушылар, журналистер, сарапшылар және басқа да сала өкілдерінен құралған белсенді азаматтардың ынтымақтастығы.

Өзінің құрылуы туралы мәлімдей отырып, Форум өз алдына Отанымыздың болашағына алаңдаулы барша сындарлы күштерді біріктіру мақсатын қойып отыр. Қазақстан сөзсіз болуға тиіс билік транзиті мен жаңаша Тарихымыздағы постсоветтік кезеңнің келмеске кетуімен байланысты үлкен өзгерістердің алдында тұр. Бұл процестер хаос пен тәртіпсіздікке, берекесіздік пен бүлікке алып келуін ешкім де қаламайды. Бірақ, сонымен бірге, ешкім де қайыршылықта өмір сүргісі келмейді, әділетсіздік пен озбырлыққа төзгісі келмейді!

Түптеп келгенде Қазақстанның ертеңгі күні қандай болмақ, ол, ең алдымен, қоғамның өзінің толысу деңгейі мен әзірлігіне байланысты. Шешуші сәтте халық бейтарап әрі енжар бақылаушы ролін місе тұта бермей, керісінше, өз тағдырын өз қолына алдып, саясаттың белсенді субъектіне айналуы тиіс. Мұрагердің жоғары жақтан тағайындалып, ескі саясатты жалғастыра беруімен халық ешбір жағдайда келісе алмайтыны өзінен өзі түсінікті.

Бүгінгі билік барлық салада өзінің дәрменсіздігін танытқанын мойындауымыз керек. Тәуелсіздік жылдарында бір де бір мемлекеттік бағдарлама жөнді орындалмады. Республика билік өзі уәде еткендей «екінші Кувейтке» айнала қоймады, керісінше, өмір сапасы жөнінен Африканың ең кедей елдері қатарынан бір-ақ шықты. Бай болуға тиіс мемлекетіміз масқара мен құлдыраудың әлемдік рейтингтерінде жемқорлық, өзіне өзі қол жұмсау мен түрмедегі адам саны, жол апаттарындағы өлім, полицей, шенеунік, олигархтардың жан басына шаққандағы саны, сыртқы қарыз, халықтың жаппай «несиеленуі» және басқа көрсеткіштер бойынша көш бастап тұр.

Биліктің жетістіктері мен табыстары туралы есептерінің жалған екенін экономиканың күйреуі, азып-тозған ауыл мен қалалар, быт-шыт болған жолдар, құлдыраған коммуналдық шаруашылыққа қарап, біле беруге болады. Басқа мемлекеттер мен шетел компанияларымен тиімсіз келісім-шарттарға қол қойып, Қазақстан қарызға белшесінен батты. Асқан жауапкершіліксіз, халықтық бақылаудан тыс шенділердің қимыл-әрекеті мемлекеттің алтын-валюталық резервтерінің, Ұлттық және Зейнет қорларының сарқылуына әкеп соқтырды. Көзі ашық, білімді, қабілетті жастардың эмиграциясы, басқаша айтқанда, Қазақстаннан қашуы қауіпті қарқынға ие болды.

Қоршаған ортаға деген жыртқыштық көзқарас шарықтау шегіне жетті. Көзсіз пайдақұмарлық Қазақстанды экологиялық апат аумағына айналдырды. Адамдардың денсаулығы мен ұлттың гендік қорына орасан зор әрі орны толмас нұқсан келіп жатыр.

27 жылғы Тәуелсіздік берген бар мүмкіндікті біз ұтымды пайдалана алмадық. Керісінше, біз 90-шы жылдардың басында қазіргі биліктің басшылыққа келуіне негіз болған демократия мен бостандықтың, пікір алуандығы мен теңдіктің түпкі принциптерінен біржолата қол үздік. Оның орнына біз балама ой білдірушілерге қысым көрсету, адам мен азаматтардың қарапайым құқықтарының шектелуі, соттардың әділетсіздігі, өз азаматтарына қарсы қуғын-сүргін секілді масқара құбылыстардың куәсі болып отырмыз. Шаңырақ, Бақай, Жаңаөзендегі трагедиялар, азаматтық белсенділер мен қоғам қайраткерлері үстінен жүргізілген масқара соттар, оппозициялық қозғалыстар мен партиялардың жойылуы, билікке сын айтуға дәті барған ондаған газет, журнал, сайттардың жабылуы – осының көзге ұрып тұрған нақты айғағы.

Қоғамды енжарлық пен шаршау жайлады. Даңғаза тойшылдық пен жалған статистика, мегажобақұмарлық пен шалағай қиялшылдық халықтың ашу-ызасын тудыруда. Мемлекеттік институттар қоғам сенімінен жұрдай. Халықтың наразылық әлеуеті күрт артып, ұйықтап жатқан арыстан оянып, қарсылық белсенді формаларға көшіп жатыр.

Шын мәнінде бүгінде биліктің өзі либералды саяси және экономикалық реформалардың басты тежегішіне, бірден бір кедергісіне айналып отыр. Тарих сыйға тартқан қайталанбас мүмкіндіктен айрылғалы тұрмыз. Сондықтан, өркениеттің заманауи көшінен кейін қалып қоймау үшін қоғамның өзі түбегейлі өзгеріп, бойын жинап алуы тиіс. Бұдан арғы әрекетсіздік пен бәрін де басқа біреу шешіп тастайды дегенге сенушілік – апатқа апаратын жол!

Біз сапалық жағынан мүлдем жаңа – демкократиялық, әділетті, рационалды және жауапты – қоғам құрғымыз келеді, сондықтан да өзімізді «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» Форумы деп атап отырмыз. Азаматтық қоғам мен жергілікті өзін-өзі басқару орнықпай, заң үстемдігі салтанат құрмай, билік тармақтарының ара-жігі бөлінбей, тәуелсіз БАҚ еркін қимыл-әрекет жасамай ешқандай да алға ілгерушілік пен қарышты даму мүмкін емес екенін барша әлем түсінгелі қашан.

Біз азаматтық қоғамның дауысын, ойы мен ұстанымын баршаға жеткізу үшін жиналдық. Біз Отанымыздың болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алуға әзір екендігімізді мәлімдейміз! Біз азаматтардың қолдауы мен белсенді атсалысуының арқасында Форум толыққанды қозғалыс не партияға айналатынына сенімдіміз.

Қазіргі Ата Заң заманауи талаптарға сай емес екендігін түсіне отырып, біз жаңа Конституция жобасы туралы бастама көтереміз, ол құжат билік пен ұлттық байлығымызды олардың бірден бір қайнар көзі мен қожайыны – Қазақстан халқының қолына қайтарып береді.

Осы мақсатқа қол жеткізу жолында Форум «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Жергілікті өзін-өзі басқару және әкімдерді сайлау туралы», «Сөз бостандығы туралы» және басқа да жаңа заңдарды әзірлеу жұмысын бірлесе әрі нәтижелі түрде жүргізу үшін қоғамдық интеллектуалдық алаң болуға дайын. Мұның бәрі – халқымыз өз тағдырына саналы түрде таңдау жасай алатын Тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш рет орын алмақ ашық, еркін және демократиялық сайлау өткізуге мүмкіндік беретін алғышарттар.

Еліміз орынсыз созылып кеткен деотарландыру, детоталитарлану және декоммунистену процесін аяқтау тиіс. Біз ұлтымыздың басынан өткен аса трагедиялы кезеңдер — жаппай саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылыққа — саяси баға беруіміз керек. Біз мемлекеттілдің өркендеп, қанат жаюы мен қазақтардың атажұртына қайтып оралуына барлық жағдай жасауымыз қажет, өйтпесек біздің Тәуелсіздігімізден не пайда?

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» Форумы Отан болашағына бей-жай қарай алмайтын, белсенді, намысты әрі жауапты азаматтардың басын қосып, біріктірмекші.

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН-ның уақыты туды!

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» Форумы, 17 мамыр 2018 жыл