30 мам, 2017 сағат 12:31

Қытай Қазақстаннан жылқыны көптеп сатып алмақшы

Қытай нарығы Қазақстанның балығы мен жылқысына ашық. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ветеринария саласында 25 мамырда Қазақстан қалған 5 облыс (ШҚО, ОҚО, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары) үшін аусылдан таза аймақ мәртебесін алды. Бұл шешім үшін Халықаралық эпизоотиялық бюроға мүше 180 елден делегаттар дауыс берді. Бұл жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер экспортын ұлғайтуға жақсы мүмкіндік береді. Қытай нарығы қазақстандық балық пен балық өнімдері, жылқы тұқымдас асыл тұқымды жануарлар, сондай-ақ бал және бал ара шаруашылығы өнімі үшін ашық. Маусым айында Мұздатылған қой еті бойынша хаттамаға қол қою жоспарлануда, аталған елге тауарлы жылқыларды да тасымалдау шарттары келісілуде», - деп тоқталды Айтуғанов.

Оның сөзіне қарағанда, Иранға тоңазытылған қой еті мен тірі қойларды экспорттауға  ветеринариялық сертификаттардың жобалары келісілді және мұздатылған қой еті бойынша жұмыс жүргізілуде. Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі және ұсақ қара малды, тауық жұмыртқасын тасымалдауға ветеринариялық сертификаттарға қол қойылды.

«Бұдан басқа, Израиль және Сауд Арабиясының ветеринариялық қызметтерімен жануарлардан алынатын қазақстандық өнімнің экспортын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді бірінші вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мамыр айында Қазақстан аусылдан таза аймақ ретінде мойындалған болатын.