24 сәу, 2017 сағат 11:06

Қазақстан әскери ұшақтар санын арттыруға мән беріп отыр

Жыл сайын Қазақстанда жауынгерлік авиациядағы ұшақтар саны артады.  Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов мәлім етті, деп  хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әуе қорғанысы күшін жабдықтауға соңғы буынды  «4++» жойғыш ұшақтары, СИ-295 әскери-көліктік ұшақтары жеткізілді. Ағымдағы жылы екі жиынтығын алғаннан кейін, біз әскери-көліктік авиацияны жасақтауды аяқтаймыз. Әскери авиацияға тек шабуылдау тікұшақтары ғана емес, сонымен қатар жауынгерлік Ми-35 тікұшақтары да тартыла бастады. Төртеуін алдық және тағы да төртеуі жеткізіледі. 2020 жылға қарай осы бағыттағы процесті аяқтайтын боламыз»,-деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Бұдан бөлек, С. Жасұзақов әуе шабуылына қарсы қорғаныс күшінің жағдайы туралы баяндады. Ресей тарапынан бес С-300 алынды, олар жыл соңында жауынгерлік кезекшілік тәртібіне қойылады.

Сонымен қатар радиотехникалық әскер бойынша кейбір мәселелер бар көрінеді. Дегенмен де отандық радиолокациялық үш координаттық «Нұр» стансаларын құру жұмыстары ұйымдастырылды.

Оның алғашқы жиынтығы Астананы қамту үшін орнатылды, ал екіншісі Қарағандыда қойылып жатыр. Алдағы уақытта бұл стансалар бұрыннан пайдаланылып келе жатқан аппараттарды алмастыратын болады.

Сондай-ақ ол елордада әуе шабуылына қарсы қорғанысқа ерекше назар аударылып отырғандығын атап өтті. Осы ретте төмен де ұшатын аппараттарды анықтайтын жабдықтар орнатылуда.