28 мау, 2017 сағат 15:14

ЭКСПО-2017 көрмесі билеттеріне жеңілдіктер жасалмақ

Биыл 1 және 10 шілде аралығында  "АСТАНА ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ Астана қаласы күніне орай мерекелік акция өткізбек. Сонымен қатар Көрменің жаңа үлгідегі билеттері сатылымға енгізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Акция бойынша, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары Көрменің кіреберістегі топтарынан үш бірдей билет алса, қосымша біреуі сыйға тартылады. 

Ал демалыс күндері балалар мен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер көрме қызықтарын тегін тамашалай алады. Ережеге сай 12 жасқа дейінгі балалар міндетті түрде ересек адамның қарауында болуы тиіс. Оған қосымша, жасына анықтама беретін куәлік көрсетілуі қажет.

Бұдан өзге, компания "Кешкі" атты жаңа билеттің шыққанын ескертеді. Ол сағат 18.30-дан соң жарамды. Билеттің құны жұмыс күндері 2000 теңге болса, демалыс күндері 3000 теңгені құрайды. Ал, арнайы санаттағы адамдар үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Тиісінше, олар билетті жұмыс уақытында 1000 теңгеге алса, демалыс күндері 1500 теңгеге иемдене алады. 

Еске сала кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған абонементтер де сатылымға шығып үлгерді. Бүтін кезең бойы өз күшін жоймайтын абонементтің құны жай санаттағы адамдар үшін 50000 теңгені құраса, арнайы санаттағы тұрғындар үшін 25000 теңге көлемінде. Абонементтерді ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми кассалары мен кіреберістегі топтардан сатып алу мүмкіндігі бар. Барлық абонемент атаулы болғандықтан, жеке куәліктің болуы міндет.