25 қаң, 2017 сағат 10:24

Ақтөбедегі "сақалдылар" әкім ұсынған 50 мың теңгенің жұмысынан бас тартып отыр

Аудан, ауыл әкімдерінің есебіне қатысу үшін ел аралауға шыққан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев діни жағдайы күрделі Мұғалжар ауданы әкімінің есебіне қатысты, - деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Ербол Данағұлов ауылда жасалып жатқан жұмыстарды, елбасы бағдарламасы мен облыс әкімінің нақты тапсырмаларын қалай орындап жатқанын айтып берді. Өңірдегі діни ахуалдың алаңдатарлық жағдайда екенін де жасырған жоқ.

«Қазіргі таңда ауданда 10 мешіт бар. Оған 800 адам келеді. Оның ішінде 447-сі басқа дінде адасып жүргендер. Осы жағы қиындап тұр. Осыған байланысты Түркістан қаласынан бір маманды шақырып жатырмыз. Қазір осындай кісілермен жұмыс істеп, ауданға сауатты мамандар тартқымыз келеді. Араларында бірнеше рет үйленгендер мен бірнеше рет тұрмыс құрағандар бар. Бізге сауатты теологтар керек. Оларды кейін қайтару оңай емес. Қиындық туғызатындар бар. Бірақ, түбінде бағыттарынан қайтаратын боламыз», - дейді Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов.

Аудан әкімі мектепте намаз оқып, бүркеніп жүретін оқушылар санының азаймай жатқанын да айтты.

«Мектепке орамал тағып барып, мектепте намаз оқитын балаларымыз жоқ емес, бар. Осыған байланысты бірнеше отырыстар өткізілді. Балалардың ата-аналарымен сөйлескен кезде нәтиже бергендері бар», - дейді Ербол Данағұлов.

Адасқан ағым жетегінде жүргендер әкім ұсынған 50 мың теңгенің жұмысынан бас тартып, жалақысы көп жерге тұрғызуды сұрап отыр.

«Басқа ағымда адасып жүрген әр адаммен жергілікті әкімдер, депутаттар бөліп алып, жұмыс істеп жатырмыз. Менің өзім Қандыағаш қаласында үш отбасын өз қадағалауыма алдым. Олардың барлығына жұмыс ұсынып жатырмыз. Үйіне кіріс көзі кірмесе, кәмелеттік жасқа толған балаларына дейін жұмысқа тартамыз. Бірақ, олар біз ұсынған жұмысқа барып жатқан жоқ. Балаларын балабақшаға орналастырдық. Олар айлығы көп жерлерден жұмыс сұрайды. 40-50 мың теңгенің жұмысын істегілері келмейді. Бәрі аз ақшаға бармаймыз деп қолхат жазып берді. Тұрмыстық жағдайлары салыстырмалы түрде жаман емес. Көпшілігі такси қызметінде және телефон жөндейді. Есептеп көрдік, шамамен әрқайсысының үйіне айына 100 мың теңгедей кіріс кіретін адамдар. Біз ұсынған жұмысты жұмыс деп отырған жоқ», - деді аудан әкімі.