Соңғы уақытта сана туралы көп ойланып жүрміз. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі санамыздың деңгейі мен болашақта оның қандай болмағы керегі жөнінде. Яғни санамыздың өзгерісі туралы. Ал, бүгінгі санамызға өзгеріс керек-ақ. Біреуді таңқалдырып, мақтану үшін емес, өзіміз үшін, ертеңіміз үшін.
Қайбір жазбамызда 60-шы жылдардағы АҚШ-тағы өмірді суреттеген фильм туралы пікірімізбен бөліскенбіз. Олардың осыдан елу жылдан астам уақыттағы дамуы мен қалыптасқан қоғамдық қарым-қатынас мәдениеті, бұл сөз жарасса: әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымы жөнінде айттық. Қызыға айттық, өзімізге өлшеп киіп көргендей, қиялдай толғандық. Елу жыл бұрынғы еркін Америка мен елу жыл бұрынғы бодан Қазақстанды салыстырсаңыз, жылағыңыз келеді. Намыстан жарылардай қызарасыз, сосын қорланасыз. Американдық адам мен біздің қазақтың Жаратқаннан алған старттық мүмкіндіктері бірдей болғанмен, бүгінге жеткен фиништік жетістіктері әрқалай. Бұның бәрі ақшаға, ауа-райына, іш ауруы мен тіс ауруына байланысты емес. Бәрі санаға байланысты. Құдайға адамның барлық қабілетін санаға байлап қойғаны тегін болмаса керек. Мысалы, менің бір байқағаным: біздің xалық ертеңмен емес, бүгінмен ғана, одан сорақысы - кешегімен өмір сүруге дағдыланған секілді. Ертеңді армандағаннан гөрі бізде өткен замандарға сағыныш басым сияқты. Ертеңді ойлағаннан гөрі бүгінгі ас-суын, жатар-жабарын ойлайды. Бұл әрине көп жағдайда адамды тежейді, қала берді артқа тарта береді. Ертеңге ғашық болу, соған ұмтылу, сол алыс-жақын болашақта бай-қуатты адам болу, айбынды, гүлденген мемлекеттің тұрғыны болуды қиялдау керек сықылды бізге. Тіпті, даму процессінің ішінде жүргеніңізді бір уақ сезініп көрсекші! Санада бір қызық өзгерістер басталады. Сіз осы заманның, шамамен әлі 40-50 жылдағы дәуірдің адамы екеніңізді ұғынсаңыз, бұл сізге бір тәтті қуаныш сыйламақ. Түйсігіңіз де, мыйыңыз да айналада болып жатқан өмірдің сансыз құбылыстарын байқай бастайды. Одан бөлек, әлі дүнияға келмеген құбылыстар мен теxнологияларды болжауға қауқарлымын ба деп қаласыз. Оған таңқалмаңыз, бұл санаңыздың әдеттегі қабілеті, тек сіз оны мүмкін деп білмегенсіз hәм оған сенбегенсіз. Бір күні сіз өз заманыңызды жан-жүрегіңізбен қабылдауды үйрене бастайсыз. Сосын сол заманды неғұрлым түзетуге, нигилистік дүниетанымыңызды жасампаздық менталитетке ауыстырғыңыз келеді. Бір нәрседен қалып бара жатқандай алқынасыз, бұл жарық дүниенің раxатын көруге үлгірмейтіндей күй кешесіз. Қорықпаңыз, бұл дәм-тұзыңыздың таусылып бара жатқандығынан xабар бермейді. Соны ұғынған сәтте мыйңызда өзгерістің, дамудың модульдары сызыла бастайды, түйсігіңіз әлде жерде қалып қойған армандарыңыздан сиқырлы мозаика тоқи бастайды. Ол армандарыңыздың орындалу сценарийлері мен меxанизмдерін мыйыңыз бонус ретінде кеңістікке жайып салады. Тек қимылдап қалу ләзім.
Хабарласпай кеткендер аяқ астынан қоңырау шалып, керек кітабың дүкендегі сөреде жарқырай көрінеді, астың иісі мен дәмін толыққанды сезіне бастағаныңызды сезесіз. Ағзаңыз тазаруды, дене бітіміңіз спортты, жан-сарайыңыз ілім мен жаңа білімдерді аңсап, апырай, өмірімді неменеге қор қып жүрмін деп өңіңізде кенет селк етіп оянасыз. Сәлден соң, арам жолмен тапқан ақшаның берекесіз болатынын, бастыққа жақсы көрінгеннен гөрі Жаратқанға жағымды болғаным жөн деген ойлар бұлттай көшеді мыйыңызда. Жемқорлық - дерт емес, жемқорлық тапа-тал түсте адам тонағанға бергісіз қарапайым ғана қылмыс, ал, әділетсіздік, заңсыздық, сияқты құқықбұзушылық бұл көшеде елдің көзінше адам сабағанмен бірдей төзуге келмейтін масқара дейсіз. Ішіңізді бір тылсым нұр аралап, көзіңіз жарқ етіп, жанарыңыз шарадай жанады. Бұл өзі не боп кетті деп, маңдайыңыздан шып-шып тер шығып, бір шаруаңызды тындыруға айдарыңыздан жел есіп, ұшып бара жатасыз. Лайым солай болсын деп тілейміз. Сосын ше?! Сосын бұл Жер-Ананың төсінде орналасқан ғажап, мұғжизалы Атамекеніңізде бәрі керемет болу керек деп есептейсіз. Бұл сіздің өзгермейтін үкіміңіз болмақ! Сол үшін еңбек еткіңіз келеді. Қалай екенін білмейсіз бе?! Саспаңыз, өзгерген санаңыз өзі көрсетеді жолды. Тек сананы өзгертетін жолға өзіңіз алғашқы қадамды жасаңыз. Тура қазір.
Сізге деген сеніммен,
#АқберенЕлгезек