Фото: Ерлан Айтмұхамбеттің жеке мұрағатынан
Бүгін Алматы қаласындағы Абай ұлттық мектебінде «Жарқын Болашақ» бағдарламасы аясында студенттермен ашық мотивациялық кездесу өтті. Қазақстанның адами капиталын дамытуға үлес қосу, жастардың білімге деген ынтасын арттыру және олардың кәсіби тұрғыда білікті маман болып қалыптасуына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға 250 студент қатысып жатыр. Осы орайда Ult.kz тілшісі іс-шараның спикері «Bilim Foundation» корпоративтік қорының президенті Ерлан Айтмұхамбетпен сұқбаттасты.
– Ерлан Аманжолұлы, алдымен бүгінгі шарадан бастасақ. Бұл қандай іс-шара, негізгі мақсаты қандай?
– Бүгінгі өткізіліп отырған шара – Алматы қаласында білім алып жатқан, Маңғыстау өңірінен келген жастарға арналған кездесу. Негізгі мақсатымыз – жастарға оқу мен білімнің құндылығын түсіндіру, өмірлік тәжірибемізбен бөлісу, сондай-ақ білім мен ғылым саласында жетістікке жеткен ағаларымыз бен бауырларымызды үлгі ету. Осы арқылы жастардың оқуға деген ынтасын арттыруды көздеп отырмыз.
– Бұл шараға колледж студенттері қатысып отыр ма?
– Иә, негізінен колледж студенттері, сондай-ақ мектеп оқушылары да бар.
– Неге бұл жоба тек Маңғыстау өңірінен келген жастарға бағытталған?
– Маңғыстау өңіріне қолдау көрсетіп отырған – «ҚазМұнайГаз» компаниясы. Өңір мұнайлы аймақ болғанымен, жергілікті халыққа, әсіресе жастарға қолдау көрсету, олардың әлеуетін арттыру маңызды. Болашақта сол өңірден білікті мамандар мен талантты жастардың шығуына ықпал ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» компаниясы бұл жобаға демеушілік көрсетіп отыр. Қаржыландыру «Жарқын болашақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асады.
– Жалпы «Жарқын болашақ» жобасы қашан құрылды? «Білім» қорының тарихына тоқталсаңыз.
– «Білім» қоры, яғни Bilim Foundation шамамен 16 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қор ұзақ жылдар бойы мектеп жасындағы балалармен жұмыс жасап, ауыл мектептерін қолдау, білім сапасын арттыру бағытында түрлі жобаларды іске асырды. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан, соның ішінде Маңғыстау өңірі жастарының әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларға басымдық беріп отыр.
Ал «Жарқын болашақ» жобасы 2022 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде жобамен қамтылған балалар саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда 7–9 сынып аралығындағы 1200-ге жуық маңғыстаулық жас осы бағдарлама аясында білім алуда.
Олар өздері оқып жүрген мектептерінен еліміздің ең үздік мектептері мен колледждеріне ауыстырылып, Астана, Алматы, Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Екібастұз қалаларында білім алуда.
– Алматы қаласы бойынша қандай мектептер таңдалды?
– Балалардың басқа өңірден келіп, тұрақты оқуына барлық жағдай жасалуы тиіс. Яғни, мектептің жатақханасы болуы, білім сапасының жоғары болуы – басты талап. Алматыда біз екі негізгі мектепті таңдадық. Біріншісі – Республикалық физика-математика мектебі. Екіншісі – қазақ руханиятының қара шаңырағы саналатын, көптеген дипломаттар мен мемлекет қайраткерлерін тәрбиелеген Абай атындағы мектеп. Қазіргі таңда балаларымыз осы оқу орындарында білім алуда.
– Ал колледж студенттерін қалай және қай бағытта оқытып жатырсыздар?
– 9-сыныптан кейін бала үшін ең маңыздысы – кәсіп таңдау. Сондықтан біз жастарды колледждерде оқытамыз. Алматы қаласында медицина, IT, техникалық және технологиялық бағыттағы колледждер өте жақсы дамыған. Сонымен қатар мұғалімдер даярлайтын колледждер де бар. Қазіргі таңда «Жарқын болашақ» жобасындағы 1200 баланың 250-ге жуығы Алматы қаласындағы колледждерде білім алуда.
– Мамандық таңдауда жастарға бағыт-бағдар бересіздер ме, әлде олар өздері таңдай ма?
– Әрине, бағыт-бағдар беріледі. Ақпан-наурыз айларынан бастап Маңғыстау өңірінде кәсіби бағдар беру кездесулері ұйымдастырылады. Ата-аналармен де арнайы жиындар өтеді. Бұл жұмыстарға облыстық және аудандық білім басқармалары, Жаңаөзен қаласының білім бөлімі белсенді қолдау көрсетеді.
Біздің мамандар мектептерді аралап, оқушыларға қандай мамандықтардың болашағы бар екенін, ел экономикасына қандай сала мамандары қажет екенін түсіндіреді. Мамыр-маусым айларына дейін дайындық жүргізіліп, кейін Маңғыстау өңірінде іріктеу өткізіледі.
Іріктеудің басты өлшемі – баланың оқуға деген ынтасы, таңдаған мамандығына деген шынайы қызығушылығы және дербес өмір сүруге дайындығы. Бұл балалардың басым бөлігі әлеуметтік осал топтан шыққан, көпбалалы немесе қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасылардан. Олардың мотивациясы өте жоғары.
– Оқу аяқталғаннан кейін студенттерге қандай да бір міндеттеме жүктеле ме?
– Бітіргеннен кейін қатаң талап қойылмайды. Негізгі мақсат – баланың әрі қарай жолын табуы. Яғни, жұмысқа орналасу немесе жоғары оқу орнына түсіп, білімін жалғастыру. Қазіргі таңда түлектердің шамамен 70 пайызы оқуын жалғастырса, 30 пайызы жұмысқа орналасып жатыр.
Алайда оқуын себепсіз тоқтатқан, тәртіп бұзған жағдайда бөлінген қаржы қайтарылады. Ол қаражат басқа балаларды оқытуға жұмсалады.
– Жастарды жұмыспен қамтуда қандай ұстаным бар? Оларды міндетті түрде Маңғыстауға қайтару көзделе ме?
– Біздің мақсат – жастарды міндетті түрде Маңғыстауға қайтару емес. Қазір Қазақстанның оңтүстік және ірі өнеркәсіптік өңірлерінде жұмыс күші мен инженерлік мамандарға сұраныс жоғары. Мемлекет саясатына сай, біз жастарды сол өңірлерде оқытып, өндіріс пен экономикаға тартуды көздейміз.
– Қазіргі таңда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?
– Бұл – мемлекеттік саясат пен экономикалық қажеттілікке тікелей байланысты. Ең алдымен техникалық мамандықтар қажет, себебі Қазақстан индустриялық елге айналу жолында. Біздің оқушылардың 60 пайыздан астамы техникалық бағытты таңдаған.
Екінші маңызды бағыт – IT саласы. Қазақстан бұл бағытта қарқынды дамып келеді. Үшіншісі – педагогика, өйткені жаңа мектептер салынып, мұғалімдерге сұраныс артып отыр. Төртіншісі – медицина. Әсіресе ауылдық жерлерде дәрігер тапшылығы әлі де өзекті.
– Жасанды интеллект пен робототехника дамыған сайын жұмыс орындары қысқарады деген пікір бар. Бұл қаншалықты орынды?
– Жасанды интеллект кейбір мамандықтарды алмастыруы мүмкін, бірақ сонымен қатар жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашады. Ғылым, технология, стартап бағыттары дамиды. Біздің мақсат – жастарды тек жұмыс іздеуші емес, болашақта жұмыс беруші деңгейіне жеткізу.
Сондықтан қазіргі жастар үшін ең басты талап – бейімделу қабілеті. Технология дамыған сайын жаңа мүмкіндіктер де қатар пайда болады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Ақбота Мұсабекқызы
