Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Милана Давыдованы айуандықпен өлтіру ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қыздың анасы қылмысқа қатысқаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандар өз кінәларын мойындамады.
"Сотталушылардың әрекеттері аса ауыр қылмыстар санатына жатады және негізгі жаза ретінде 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді. Әбілдинов қылмыстық кодекстің "Кәмелетке толмаған адамды аса қатігездікпен өлтіру" бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған қауіпсіздігі жоғары мекемеде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды," – деді судья Нұрлан Қайырбеков.
Сонымен қатар, ер адам алкогольге тәуелділіктен емделеді.
Қылмыстық кодекстің 46-бабының 4-бөлігіне сәйкес, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы әйелдерге тағайындалмайтынына байланысты, сот әйелге 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Сондай-ақ, ол педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
"Давыдоваға 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу колониясында өтеу туралы үкім шығарылды," – деді судья.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.
Сот үкімі жарияланғаннан кейін айыпталушы наразылық белгісі ретінде өзіне зақым келтірді.
Еске салсақ, былтыр қараша айында Бесқауға ауылында жеті жасар Милана Давыдова із-түссіз жоғалып кетті. Оны іздеуге 500-ге жуық адам жұмылды. Бірнеше күннен кейін қыздың анасы жасаған қылмысын мойындап, қызының денесін жасырған орынды көрсетті. Сондай-ақ қылмысқа тағы бір ер адамның қатысы бары анықталды. Ол әйелге қыздың денесін жасыруға көмектескен.