Оңтүстік Кореяның Ичхон қаласында Қазақстан азаматы ұсталып, оған бірнеше құқықбұзушылық бойынша айып тағылды, деп хабарлайды ult.kz.
Жергілікті полицияның мәліметінше, қазақстандық бөтеннің мүлкіне зиян келтірді, көлік құралын пайдалану қағидаларын және көші-қон талаптарын бұзды деген күдікке ілінген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ұсталған азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, жағдай бақылауға алынғанын хабарлады.
«Қазақстан дипломаттары ұсталған азаматқа консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, жағдайды бақылауға алды», – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, биыл тамызда Қазақстан Оңтүстік Кореяның шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған Employment Permit System (EPS) мемлекеттік жүйесіне қатысушы елдердің қатарына ресми түрде қосылды.
Бұл жүйе шетел азаматтарына Корея Республикасының заңнамасы мен мемлекетаралық келісімдерде белгіленген талаптарды сақтай отырып, елде заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.