«Ақтөбе» клубына 2,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды

«Ақтөбе» клубына 2,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды
видеодан скриншот

Қазақстан футбол федерациясының бақылау, тәртіптік және этика комитеті Премьер-лиганың 23-туры аясындағы «Ақтөбе» мен «Ордабасы» матчынан кейін бірқатар шешім қабылдады, деп хабарлайды ult.kz.

Клубтар мен «Ақтөбе» командасының бас бапкері Игорь Черевченкоға қаржылық санкциялар салынды.

Ең үлкен айыппұл «Ақтөбе» футбол клубына тағайындалды. Командаға матчты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны, қауіпсіздік талаптарын бұзғаны және матчтың ресми тұлғаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жаза қолданылды.

Сонымен қатар клуб директоры Б. Дүзелбаевтың төрешілер киім ауыстыратын бөлмесіне рұқсатсыз кіргені анықталған. Осы әрекеті үшін клубқа 300 АЕК, яғни 1 млн 297 мың 500 теңге айыппұл салынды.

Ал жанкүйерлердің матчтың ресми тұлғаларына балағат сөздер айтып, қарсылас командаға тіл тигізгені үшін клуб тағы 200 АЕК (865 мың теңге) төлеуге міндеттелді.

Осылайша, «Ақтөбе» клубына салынған айыппұлдың жалпы сомасы 500 АЕК немесе 2 млн 162 мың 500 теңге болды.

Команданың бас бапкері Игорь Черевченко да дискредитациялық сипаттағы мәлімдемелері үшін 50 АЕК, яғни 216 мың 250 теңге айыппұл төлейді.

Ал «Ордабасы» клубына команданың киім ауыстыратын бөлмеден кеш шығуына байланысты матчтың үш минутқа кеш басталғаны үшін 60 АЕК (259 мың 500 теңге) айыппұл салынды.

Барлық айыппұлды 20 қарашаға дейін төлеу қажет.

Матчтан кейін жанжал туындаған еді

Айта кетейік, осы матчтан кейін әлеуметтік желілерде «Ақтөбе» клубының кәмелетке толмаған жанкүйер қыздары ұстаған плакаттың суреті тарады. Онда «NO SHYMSIDE, NO TEXAS FANS!» деген жазу және Өзбекстан туына ұқсас бейне болған. Матчтан кейін жанкүйерлердің бір бөлігі «Өзбектер!» деп ұрандатқан.

Оқиға Қазақстан мен Өзбекстанда қоғамдық резонанс тудырды. Полиция қыздардың жеке басын анықтап, ата-аналарының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кейін «Ақтөбе» футбол клубы әкімшілік айыппұл алған алты қыздың шығынын өтейтінін мәлімдеді. Клуб кемсітушілікке қарсы екенін айтып, қыздарға қолдау көрсететінін жеткізді.