Танымал әнші, "Жігіттер" тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желіде өзінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарағанына наразылық білдірді. Өнер иесі жұртты дүрліктірген хабардан кейін көпшілікке арнайы үндеу жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға әнші Ердос Қанаевтың әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін басталған. Ол Бағлан есімді жақын досының дүниеден өткенін хабарлап, марқұмның аманатын орындағанын айтқан. Алайда кейбір желі қолданушылары марқұмды әнші Бағлан Әбдірайымовпен шатастырып, өнер иесінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарата бастаған.
Бұл хабарды естіген әнші таңданысын жасыра алмады. Оның айтуынша, қайғылы ақпарат тарағаннан кейін таныстары мен достары хабарласып, жағдайын сұрай бастаған.
"Ассалаумағалейкүм! Туған күніме орай Құран оқыттық, көкпар бердік. Бәрі жақсы өтті, Аллаға шүкір. Бата алдық, азаматтарды атқа мінгіздік. Енді жұмысқа кірісейін деп жатсақ, мынадай хабарламалар келіп жатыр. Мен таң қалдым! Таныстарым, достарым хабарласып жатыр. Адам шошитындай ақпарат. Осылай жасауға бола ма енді? Құдайға шүкір, тіріміз ғой. Әлі қаншама әндерім бар, жарыққа шықпаған. Енді қызық болады", – деді Бағлан Әбдірайымов.
Әнші өзінің аман-есен екенін айтып, алдағы уақытта да шығармашылығын жалғастыратынын жеткізді. Сондай-ақ жарыққа шықпаған жаңа әндері бар екенін айтып, тыңдармандарына алдағы жоспарынан хабар берді.
Оқиға неден басталды?
Бұған дейін Ердос Қанаев әлеуметтік желіде Бағлан есімді досының өмірден озғанын айтып, оған қатысты естелігімен бөліскен.
Алайда марқұмның есімі танымал әнші Бағлан Әбдірайымовтың есімімен бірдей болғандықтан, әлеуметтік желіде түсінбеушілік туындаған.
Осылайша, басқа адамға қатысты қаралы хабар әншінің қайтыс болғаны туралы жалған ақпараттың таралуына себеп болды. Бағлан Әбдірайымов бұл жағдайға өзі түсініктеме беріп, қауесетті жоққа шығарды.
Бағлан Әбдірайымов кім?
Бағлан Әбдірайымов – қазақстандық әнші, танымал "Жігіттер" тобының мүшесі. Ол қазақ эстрадасында көп жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан орындаушылардың бірі. Әнші көпшілікке "Жігіттер" тобының құрамында танылды. Ұжымның репертуарында махаббат, достық, отбасы және адамгершілік тақырыптарына арналған әндер бар. Топтың өзге мүшелерімен бірге Бағлан Әбдірайымов Қазақстанның түрлі қалаларында концерт беріп, тыңдарман ықыласына бөленді.
Өмірбаяндық мәліметтерге сәйкес, Бағлан Әбдірайымов 1983 жылы қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылы елді мекенінде дүниеге келген. Ол отбасындағы тұңғыш бала.
Әншінің жеке шығармашылығында "Бағала" әнінің орны ерекше. Бұл туындының әуенін Ғалия Шаудырбаева, сөзін Серік Сейітман жазған.
Өнер иесі өмірінде құмар ойынға тәуелді болып, үлкен қаржылық қиындықтарға тап болғанын сұхбаттарында ашық айтқан. Кейін осы тәжірибесі негізінде "Ақ пен қара" атты кітап жазып, құмар ойынның зардабы туралы фильм түсірді.
Сондай-ақ ол осы мәселеге тап болған адамдармен кездесіп, өз тәжірибесімен бөліскен.
2026 жылы "Кездесу" бағдарламасына берген сұхбатында әнші шығармашылығы, отбасы, бала тәрбиесі және өмірінен алған сабақтары туралы әңгімеледі.