Әнші Ердос Қанаев Сарыағашта тұрған жақыны Бағланның қайтыс болғанын хабарлады. Өнер иесі марқұмның көзі тірісінде өзіне айтқан өтінішін еске алып, аманатын орындағанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Әншінің жазуынша, Бағлан сәбиі дүниеге келгенде баласына азан шақырып, ат қоюды оған тапсырғысы келген.
"Сарыағашта тұратын Бағлан бауырым (Алла рақым етсін) Раббысына қайтты. Осы кішкентай балапаны өмірге келгенде: “Ереке, өзіңіз азан айтып, атын қойып бересіз ғой” деген еді. Қысқа ғұмыр-ай… Бәкемнің аманатын орындадым", – деп жазды әнші.
Ердос Қанаев марқұмның тілегін орындап, сәбиіне азан шақырып есім берген. Өнер иесі жақынын қимастықпен еске алып, оның өмірден ерте кеткеніне өкініш білдірді.
Айта кетейік, Ердос Қанаев отбасылық өмір туралы әзіл айтты.
Ердос Қанаев кім?
Ердос Қанаев - қазақстандық эстрада әншісі, «Жігіттер» квартетінің мүшесі. Ол көпшілікке осы ұжымның құрамында өнер көрсетуімен танылды. Топтың тыңдарманға кеңінен танылуына «Ерке қыз» әні ықпал етті. 2004 жылы аталған туындыға квартеттің алғашқы бейнебаяны түсірілген.
Ердос Қанаев топтағы шығармашылығымен қатар жеке әндер де орындайды. Оның репертуарында «Сағыныш», «Билеші» секілді туындылар бар. Әнші сұхбаттарында өнерге, соның ішінде айтысқа жастайынан қызыққанын айтқан.