Биыл сәуірде Тараздағы гимназиялардың бірінде 9-сынып пен 10-сынып оқушылары арасында төбелес болып, бір баланың көзіне ауыр зақым келген. деп хабарлайды ult.kz. Криминальный Казахстан telegram арнасына сілтеме жасап.
Жанжал жасөспірімдердің бірінің екіншісіне иығымен тиіп кетуінен басталған. Оқиғадан кейін 10-сынып оқушысын ер балалардың киім ауыстыратын бөлмесіне шақырған. Сол жерде төбелес болған. Сот мәліметінше, оқушылардың бірі оның сол жақ көзіне жұдырықпен соққы жасаған. Салдарынан жасөспірім сол көзінің көру қабілетінен толық айырылған.
Жәбірленушіге осы уақытқа дейін жеті рет ота жасалған. Анасының айтуынша, қазір ұлының екінші көзінің де көру қабілеті нашарлап барады. Ол шабуылға бірнеше жасөспірім қатысқанын айтады. Алайда сот алдында олардың біреуі ғана жауап берген.
Сот оқушыны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Тергеу кезінде ол үйқамақта болған. Үкім жарияланғаннан кейін сот залында қамауға алынды.
Сотталған жасөспірім кінәсін ішінара мойындаған. Ал жәбірленушінің анасы апелляциялық шағым түсіріп, жанжалға қатысқан өзге де жасөспірімдерді жауапқа тартуға күш салатынын мәлімдеді.