15 наурызда Жаңа Зеландиядағы екі мешітке жасалған шабуылдан 49 адам қаза тауып, 20 адам жараланды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Джасинда Арден хабарлады.
Премьер Арден бұл оқиғаны "теракт" деп атады.
Шабуыл Крайстчерч қаласының ортасындағы Әл-Нұр мешіті мен шаһар іргесіндегі мешітке жасалған. Әл-Нұрда – 30, Линвудтегі мешітте 10 адам қаза тапқан.
Күдіктінің бірі мешіттегі адамдар намаз оқып жатқанда кіріп келген. "Қолында үлкен тапанша болды. Кірді де адамдарға шетінен ата берді" дейді шабуыл кезінде қашып үлгерген Ахмад әл-Махмуд есімді азамат.
Жаңа Зеландия Премьер-министрінің айтуынша, күдікті ретінде қамауға алынған төрт адам эстремистік көзқараста болған, бірақ полиция есебіне алынбаған.
Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон ұсталғандардың бірі - Брентон Таррант есімді австралиялық азамат екенін растады. Шабуылды мойнына алған азамат манифестінде өзін "28 жастағы ақ австралиялық" деп атап, "Жаңа Зеландияға шабуылды ұйымдастыру үшін ғана келгенін" айтқан.
The New Zealand Herald мәліметінше, 28 жастағы Таррант атыс басталардан бұрын және оқиға үстінде 17 минут бойы әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген. Одан бұрын "манифест" жариялапты. Теракт ұйымдастырды деген күдіктінің Twitter желісіндегі парақшасы бұғатталған.
Премьер-министрі Джасинда Ардерн "Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Бүгін – ел тарихындағы ең қайғылы күндердің бірі" деп мәлімдеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын 27 адамның құрбаны болғаны хабарланған еді, кейін олардың саны 40-қа жетіп, ал соңғы деректер бойынша, 49 адам террористердің қолынан ажал құшыпты. Сонымен бірге 48 қала тұрғыны зардап шеккен.