08 ақп, 2020 сағат 10:13

Қордайдағы оқиға: 8 адам мерт болды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жанжалға қатысты ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«7 ақпанда сағат 19.00-де Жамбыл облысының Полиция департаментінің кезекші бөліміне Қордай ауданы Масанчи ауылында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр деген хабарлама келіп түсті. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Осының салдарынан басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кеткен. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданды. 8 адам көз жұмды. 40-тан астам адам жарақат алды», - деді Ішкі істер министрі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілді.

«Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің орынбасары мен Бас прокурордың орынбасары сол жерге барды. Жедел тергеу тобы құрылып, адам өлімі, бұзақылық фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі күні жағдай тұрақты», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.

Полиция "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық істер қозғады.

Көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.