Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен Атырау облысында ауқымды жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты заңсыз шешуге қатысы бар 5 қылмыстық топтың әрекетін анықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар жалған құжаттар рәсімдеу арқылы Қазақстанның бірнеше өңірінде – Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге қалаларда жоқ стоматологиялық клиникаларды тіркеген. Бұл «қағаз жүзіндегі» медициналық ұйымдардың ғимараттары да, жабдықтары да, білікті мамандары да болмаған. Тіпті олардың басшыларының медициналық білімі жоқ болып шықты.
Жалған құжат жасау арқылы азаматтарға зейнетақы қорынан ақша шешуге «жәрдемдескені» үшін қылмыстық топ өкілдері қаражаттың 10%-20%-ын сыйақы ретінде ұстап отырған. Ал қолма-қол ақшаға айналдыру үшін 226 дропперді пайдаланған. Нәтижесінде айналымнан 200 млрд теңгеден астам қаржы шығарылған.
Тергеу барысында күдіктілердің зейнетақы ақшасына сатып алған 15 қымбат автокөлік (Mercedes-Benz G-class, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade және басқа да маркалар) тәркіленді. Бұған қоса зергерлік бұйымдар, пәтерлер, коммерциялық нысандар мен жер телімдері анықталды. Тәркіленген мүліктің жалпы құны 600 млн теңгеден асады.
Қазіргі уақытта 59 тінту жүргізілді, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық жолмен табылған өзге де мүлікті іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Агенттік таратқан ресми ақпаратта, тек заңсыз схеманы ұйымдастырушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны, ал өз зейнетақы қаражатын алған азаматтарға айып тағылмайтыны атап өтілді.
