27 жел, 2019 сағат 17:11

Ұшақ апатынан құтқарылған сәбидің ата-анасы тірі болып шықты

Алматы маңындағы ұшақ апатынан 4-5, 8 және 9 айлық үш сәби зардап шеккен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желіде құтқарушылардың 4-5 айлық нәрестені қираған салоннан алып шыққаны бейнеленген видео тарады. Бұл көрініс көпшіліктің көңілін босатты.

Көрер жарығы бар баланың ата-анасы тірі ме, жоқ па? Осы сауал жұрттың көкейінде тұр.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының таратқан мәліметіне сәйкес, ауруханаға бір жасқа дейінгі 3 бала түскен. Дәрігерлер үшеуінің де ата-анасы тірі екенін айтты.

Бірақ олардың әрқайсысы әр ауруханаға жеткізілген.

Мамандардың айтуынша, видеода полиция қызметкері көтеріп бара жатқан 9 айлық ұл бала - Ғатиат Әділжан Мақсұтұлы.

Бұл бала ми жарақатымен түскен. Іші, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы бірқалыпты. Ал оның әкесі 27 жастағы Ғатиат Мақсұт Болатқанұлы бас жарақатымен шұғыл медициналық қызмет көрсету ауруханасына жатқызылды.

Ал анасы 27 жастағы Ғатиат Айсұлу Ерқанатқызы кіші жамбастағы ұршық буынының соққысы, бел омыртқасының жарақаты диагнозымен түсті.

Одан бөлек бұл апатта 5 айлық және 8 айлық тағы екі нәресте жарақат алған.

Шамамен 4-5 айлық нәрестенің аты – Асылым Ақболатқызы.

Қыз баланың миы жарақаттанып, соққы алған. Баланың еңбегі ұрылып, сырылған. Дәрігерлер баланың жағдайын бірқалыпты ауыр деп бағалап отыр.

Сәбидің ата-анасы Алматы облыстық көпсалалы ауруханасында жатыр.

Анасы 28 жастағы Сәттігүл Үсенге жарақаттан кейінгі пневмоторакс диагнозы қойылған. Оң жақ сан сүйегі, жамбас сүйегі және оң жақтағы 9-шы қабырғасы сынған. Қазір жағдайы бірқалыпты.

Асылымның әкесі 32 жастағы Даваа Ақболат ми жарақатымен ауруханаға түсті. Оның да жағдайын дәрігерлер бірқалыпты деп бағалап отыр.

Ұшақ апатынан 8 айлық Құралбай Дәмелі де зардап шекті.

Бала қосарлы жарақатпен түскен, миы жарақат алған, миы шайқалған. Іші, ішкі органдары соққы алған. Жағдайы ауыр.

Оның әкесі - 39 жастағы Нұрлан Төлебаев №4 ауруханада жатыр. Жабық ми жарақатымен түскен. Миы шайқалып, кеуде тұсы соғылған. Жағдайы өте ауыр.