14 қаң, 2022 сағат 09:55

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Самат Әбіштің қайда екенін айтты


Ұлттық қауіпсіздік комитеті ведомство төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

"Келіп түскен сұрауларға сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш өз қызметінде екенін хабарлаймыз. 13 қаңтардан бастап ол жыл сайынғы еңбек демалысында", - делінген ресми хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасады" деген күдікпен қамауға алынды. Ал, 13 қаңтарда ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары - "А" арнайы мақсаттағы қызмет бастығы Әнуар Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожиннің ұсталғаны хабарланды.  

Айта кетейік, 43 жастағы Самат Әбіш - Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. Самат Әбіш ҰҚҚ бірінші орынбасары болып 2015 жылдан бері қызмет етеді. Генерал-лейтенант шені бар.