13 қаң, 2022 сағат 15:00

Кәрім Мәсімов билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген күдікке ілінді – ҰҚК

Фото: myseldon

Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бұрынғы орынбасарлары ұсталды, - деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәліметінше, бұрынғы төраға Кәрім Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Осы істің шеңберінде билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер дерегіне қатысты қосымша соталды тергеп-тексеру жұмыстары басталған.

"Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Кәрім Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары - "А" арнайы мақсаттағы қызмет бастығы Әнуар Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин ұсталды", - делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері тергеу жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салайық, осыған дейін ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 2 айға қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Ол 6 қаңтарда уақытша ұстау изоляторына қамалды.