Украинада сайлау комиссиялары хаттамаларының 50 пайыздан астамы саналғаннан кейін президенттікке кандидат шоумен Владимир Зеленский алда келеді. Ол елдің қазіргі президенті Петр Порошенкодан екі есеге жуық артық дауыс жинаған. Сарапшылар екеуі сайлаудың екінші турына өткенін айтады.
Украина Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, наурыздың 31-і күні өткен президент сайлауы аяқталғаннан кейін сайлау комиссияларынан түскен хаттамалардың жартысынан көбі саналғаннан кейін президенттікке кандидат шоумен Владимир Зеленский (30,22 %) алда келеді. Украинаның қазіргі президенті Петр Порошенкоға берілген дауыс саны одан екі есеге жуық кем (16,63 %).
Украина президенттігіне кандидат әрі шоумен Владимир Зеленский (оң жақта) зайыбы Еленамен бірге Киевтегі сайлау штабында тұр. Украина, 31 наурыз 2019 жыл.
Үшінші орында бұрынғы премьер-министр, "Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимошенко (13,08%) тұр.
"Оппозициялық блок" теңтөрағасы Юрий Бойко (11,49% ) төртінші орында. Оған көбіне Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында тұратын сайлаушылар қолдау білдірген.
Анатолий Гриценко, Игорь Смешко мен Олег Ляшконы қолдап берілген дауыс саны 10 пайызға жетпейді. Саясаткер Александр Вилкул 4 пайызға жуық, ұлтшыл Кошулинский – 1,5 пайыздан сәл артық дауыс жиған. Өзге кандидаттардың алған дауысы әзірге 1 пайызға жеткен жоқ.
Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлаудың алдын ала қорытындысы жексенбіде сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқтала сала шығарылған ұлттық экзит-пол қорытындысындағы көрсеткішке ұқсас. Ол бойынша, Владимир Зеленский 30,6%, Петр Порошенко – 17,8%, ал Юлия Тимошенко – 14,2% дауыс жиған. Юрий Бойкоға сайлаушылардың 9,7% қолдау білдірді деп көрсетілген экзит-пол мәліметінде.
"Бүгін жемқорлықсыз жаңа өмір басталады. Бұл ұлы жеңіске қарай алғашқы қадам" деп мәлімдеді 41 жастағы Владимир Зеленский сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталғаннан кейін Киевтегі штабында.
Өзін қалай сезінетінін сұраған журналистерге ол "аздап қобалжитынын" айтқан.
"Мен тірі пендемін. Зайыбым мен достарымның қолдауы жүгімді жеңілдетті. Бұл аса зор жауапкершілік. Жауапкершіліктің не екенін түсінемін, сондықтан мен... өзімді жақсы сезінемін" деді ол.
Украинаның қазіргі Президенті әрі президенттікке кандидат Петр Порошенко сайлау штабында сөйлеп тұр. Киев, 31 наурыз 2019 жыл.
53 жастағы Петр Порошенко экзит-пол қорытындысы қазіргі билікке "сабақ" болғанын айтты.
"Бұл мен үшін және тұтас билікке үлкен сабақ болды. Қателіктерден қорытынды шығарып, жұмыс істеумізге себеп бұл" деді ол Киевтегі сайлау штабында сөйлеген сөзінде.
Порошенко бәсекелесі Зеленскийді президент болуға, әсіресе Ресей президенті Владимир Путинге қарсы тұруға лайық емес сипаттады.
Путин "Украина президентінің ыржалақтауды ғана білетін әлжуаз, көнбіс, тәжірибесіз, саяси жігері жоқ болғанын қалайды. Расымен оған осындай мүмкіндік береміз бе?" деді Порошенко.
"Достарым, бүгін сіздер - украиндар, біз – украиндар [Украинадағы сайлауда] бірінші турда Ресейдің сценариін күйреттік, өйткені олар Порошенконың екінші турға өткенін қаламады. Онысы толық іске аспады" деді ол.
Порошенко Украинаны Еуропа одағы мен НАТО ұйымына жақындатып, сонымен бірге елдің шығысындағы Ресейдің қолдауына сүйенген сепаратистерге қарсы күресіп жатқан қарулы күштерді нығайтуға тырысады.
Ол украин жастарының "наразы" дауысын естігенін айтып, екінші турда өзін қолдауға шақырды.
"Сіздер елдегі өзгерісті көріп отырсыздар, бірақ олардың бұдан да жылдам, зор әрі сапалы болғанын қалайсыздар. Сіздердің наразылықтарыңыздың себебін түсіндім" деді Порошенко.
Украина президенттігіне кандидат, бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенко. Киев, 31 наурыз 2019 жыл.
Украинада 2004-2005 жылдары болған қызғылт-сары революция лидерлерінің бірі 58 жастағы Юлия Тимошенконың сайлау штабы өздері жүргізген есеп бойынша, хаттамалардың үштен екісі саналғаннан кейін Тимошенко 16,1% дауыс жинап, Порошенконы басып озды деп мәлімдеді. Жексенбіде дауыс беру аяқталғаннан кейін Тимошенко өз жақтастарын сайлау учаскелеріне барып, "дауыстың әділ саналуын қамтамасыз етуге" шақырды. Сайлауалды кампания кезінде Порошенко билігін сынап популистік мәлімдемелер жасаған Тимошенко президент болып сайланған жағдайда бір айдың ішінде тұрғындарға газ бағасын екі есеге азайтып, зейнетақыны күрт көбейтуге уәде берген.
Наурыздың 31-і күні Украина президенті сайлауына дауыс беруге ресми тіркелген сайлаушылардың 63,52% қатысқан. 2014 жылы өткен президент сайлауы кезінде бұл көрсеткіш 60,29% болған еді.
Украина президенті сайлауының нәтижесі сәуірдің 10-ына дейін жариялануы тиіс.
Украина заңына сәйкес, сайлаушылардың жартысынан астамының қолдауына ие болған кандидат жеңіске жетеді. Ал егер үміткерлердің ешбірі жеңіске қажетті дауыс жинай алмаса, алғашқы турда өзге бәсекелестерінен артық дауыс алған екі кандидат сәуірдің 21-і күні қайтадан сайлауға түсіп, ең көп дауыс алғаны жеңімпаз деп саналады.
Сайлаудың түпкілікті қорытындысы мамырдың 1-і дейін белгілі болмақ.
Украинада осымен жетінші рет президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл жолғы сайлауға президенттіктен үміткер 39 азамат түсті. Бұл - бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Украина президенті бес жыл мерзімге сайланады.
Украина орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына 17 мемлекет пен 19 халықаралық ұйымнан келген 2400-ге жуық халықаралық бақылаушыны тіркегенін хабарлады. Олардың арасында Ресей азаматтары жоқ. Украина парламенті бұған дейін Ресейді "агрессор мемлекет" ретінде танып, сайлауды бақылау мүмкіндігінен айырған.
Бұған дейін Киев Ресей федерациясында сайлау учаскелері де болмайтындықтан Ресейдің Новосибирск және Свердлов облыстарында тұратын Украина азаматтарына Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы Украина елшілігінде дауыс беруге болатыны туралы хабарлаған еді. Қазақстан бойынша құрылған осы жалғыз сайлау учаскесінің төрағасы Виталий Локтевтің айтуынша, Қазақстанда - мыңнан астам, ал Ресей бойынша үш мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Азаттық
2352 рет оқылды