12 там, 2021 сағат 11:37

Тоқаев келесі аптада Оңтүстік Кореяға барады



Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі аптада Оңтүстік Кореяға сапар шегеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"16-17 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент Мун Чжэ Иннің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барады", - деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер өтіп, мемлекет басшылары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытудың перспективаларын қарастырмақ.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, үкіметаралық құжаттарға қол қойылады деп жоспарланған. Қазақстан президенті Сеулге сапары аясында Кореяның ірі компанияларының басшыларымен, белгілі саяси қайраткерлермен кездесулер өткізеді.

Сонымен қатар Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар коммерциялық келісім-шарт жасалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеул қаласында Абай ескерткішінің ашылу рәсіміне де қатысады деп жоспарланған.