Қазақстандық танымал әнші Луина отбасындағы қуанышты жаңалығын көпшілікпен бөлісті. Өнер иесі 16 қазан күні сағат 09:06-да екінші ұлын дүниеге әкелген. Ерлі-зайыптылар нәрестеге Дени есімін берген, деп хабарлайды ult.kz.
Әнші Instagram парақшасында перзентханада түсірілген әсерлі кадрларды жариялап, екінші рет ана атанғанда қандай сезімде болғанын айтып берді. Оның сөзінше, арада алты жыл өтсе де, босану алдындағы қобалжу мен қорқыныш сейілмеген.
Бір қызығы, Луинаның тұңғышын дүниеге әкелуіне көмектескен дәрігерлер екінші сәбиін де қабылдаған.
"Бұл жолдан бұрын өткен сияқтымын. Алты жыл бұрын дәл осы дәрігерлер тобымен алғаш рет ана атандым. Бірақ екінші рет те қорқыныш аз болмайды екен. Бәлкім, одан да көбірек шығар. Өйткені өмір сыйлаудың қандай ғажап екенін, бұл сәттің қаншалықты нәзік болатынын түсінесің. Қатты уайымдадым. Қорықтым", – деп жазды өнер иесі.
Луина өміріндегі маңызды сәтте жанынан табылып, демеу болған жұбайы Артемге де жүрекжарды алғысын жеткізді. Әншінің айтуынша, күйеуінің қолдауы оған ерекше күш берген.
"Оның қатысуынсыз, сабырлылығы мен қолдауынсыз маған қаншалықты қиын боларын білмеймін. Осындай сәттерде жаныңда өз адамыңның болуы қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Сүйіктім, осы жолдан бірге өткеніміз үшін рақмет. Жанымда болып, ұлымызды алғаш қарсы алғаның үшін рақмет", – деді ол.
Әнші екінші сәбиінің өмірге келуімен отбасындағы бақыттың еселенгенін жасырмады. Ол ана болудың әр сәтін қайта бастан өткеруге дайын екенін айтып, көпшілікті әсерлі жазбасымен толқытты.
"Енді біздің екі ұлымыз бар. Бойымыздан тыс өмір сүретін екі жүрегіміз. Екі ең үлкен махаббатымыз. Мен бақыттымын. Ризамын. Оның алғашқы дауысын есту, алғаш кездесу, алғаш қол тигізу үшін барлық қорқынышымнан қайта өтер едім", – деп жазды Луина.
Айта кетейік, Луина мен оның жұбайы Артем 2020 жылы алғаш рет ата-ана атанған. Сол жылы олардың Давид есімді ұлы дүниеге келген. Арада алты жыл өткенде жұлдызды отбасы тағы бір ұлмен толықты.
Луина кім?
Луина – қазақстандық эстрада әншісі, шын есімі – Луиза Каринбаева, қазіргі тегі – Обухова. Ол 1987 жылы 25 мамырда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Балалық шағының бір бөлігі Ақтау қаласында ата-әжесінің тәрбиесінде өткен. Мектеп бітіргеннен кейін Астраханда қаржы мамандығы бойынша білім алуға түскен. Алайда бала кезінен музыкаға қызығып, жасөспірім шағында ән жазып, түрлі байқауларға қатысқан. 2010 жылы Қазақстандағы X Factor музыкалық жобасының жартылай финалына дейін жеткен. Кейін продюсер Жомарт Сүлейменовпен танысып, 2011 жылы Luina сахналық есімімен шығармашылық жолын бастаған. Оның алғашқы танымал туындыларының бірі – “Луна” әні.
Әнші “Один”, “Титаник”, “Hey Yo” сияқты әндерімен де тыңдарманға танылды. 2012 жылы Cosmopolitan журналының нұсқасы бойынша “Жыл әншісі” атанған. Сондай-ақ, бірнеше рет Еуразиялық музыкалық сыйлықтың үздігі ретінде танылған. Сонымен қатар “Астана” футбол клубының әнұранын орындауға қатысқанын айтып, бұл жобаны ерекше мақтан тұтатынын жеткізді. Луина 2019 жылы кәсіпкер Артем Обуховқа тұрмысқа шыққан. Ерлі-зайыптылардың тұңғыш ұлы Давид 2020 жылы дүниеге келсе, 2026 жылғы 16 қазанда Дени есімді екінші ұлы өмірге келді.