Қазақстан мен Бельгия 15 млрд доллардан астам инвестиция көлеміндегі ынтымақтастықты нығайтпақ

Қазақстан мен Бельгия 15 млрд доллардан астам инвестиция көлеміндегі ынтымақтастықты нығайтпақ
Ақорда

Қазақстан мен Бельгия көлік-логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипппен кездесуден кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. 2005 жылдан бері Бельгияның Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 15 миллиард доллардан асқан.

«Елдеріміз арасында қандай да бір саяси қайшылық немесе шешілмеген мәселе жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды», – деді Президент.

Тоқаевтың сөзінше, тараптар аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында жаңа жобаларды іске асыруға уағдаласқан. Президент Қазақстанда бельгиялық инвесторларға қолайлы жағдай жасалатынын және бұл жұмыстың орындалуын өзі қадағалайтынын айтты.

Сондай-ақ ертең Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесі, ректорлар форумы және аса маңызды материалдарға арналған дөңгелек үстел өтеді. Іс-шаралар қорытындысы бойынша екіжақты серіктестікті дамытуға бағытталған ондаған келісім мен құжатқа қол қою жоспарланған.

Мәдени-гуманитарлық салада да ынтымақтастықты кеңейту көзделіп отыр. Атап айтқанда, екі елдің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнату, бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту және академиялық тәжірибе алмасу жоспарланған.

Президент Қазақстанның Ұлттық музейінде бельгиялық суретші Джеймс Энсордың туындылары таныстырылғанын атап өтті. Сонымен қатар Almaty Museum of Arts пен KANAL-Centre Pompidou арасындағы ынтымақтастықты қолдайтынын жеткізді.

Бұдан бөлек, қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісімге өзгерістер енгізу арқылы екі ел арасындағы сапарларды жеңілдету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген.

Тоқаев Қазақстан мен Бельгия халықаралық құқық нормаларын сақтауға, көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге мүдделі екенін айтты.

Мемлекет басшысы Бельгияның ұлттық ұраны «L’union fait la force» қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақалымен мағыналас екенін атап өтіп, бұл мемлекеттік сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуда маңызды кезең болатынына сенім білдірді.