11 мам, 2021 сағат 18:55

Тоқаев Қазандағы балалардың қазасына байланысты Путинге көңіл айтты


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласындағы гимназияда ресейлік оқушылардың қаза табуына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Осынау қиын-қыстау сәтте балалары қайтыс болған отбасылардың ауыр қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын», – делінген жеделхатта.

Бұған дейін қайғылы оқиғаға байланысты Ресей басшысына көңіл айту жеделхатын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жолдады. 

Еске сала кетейік, бүгін, 11 мамырда Ресейдің Қазан қаласындағы №175 мектеп-гимназияда белгісіз екі адам оқ жаудырған болатын.

Оқиға салдарынан 9 адам қаза тауып, 21 адам ауруханаларға жеткізілген еді. Бұл туралы ел президенті Рустам Минниханов хабарлады. 

Татарстанда 12 мамыр Аза тұту күні болып жарияланды.