02 сәу, 2025 сағат 16:05

Теміртауда жасөспірімдердің зейнеткерді ұрып-соғуы: қала әкімінің орынбасары жазаланды

Фото: Pexels.com

Теміртауда жасөспірімдердің зейнеткерді ұрып-соғуы әрекетінен кейін қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланатын болды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі мәлім етті, деп хабарлайды Ult.kz.

Ермағанбет Бөлекпаевтың Facebook желісінде хабарлауынша, бүгін облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қарағанды облысы бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысын өткізген.

"Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарына кәмелетке толмағандарға тиісінше бақылау жасамағаны үшін қатаң сөгіс жариялауды тапсырдым", - деп жазды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.


Сондай-ақ жасөспірімдер оқыған білім беру мекемелері директорларының орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

"Біз жасөспірімдер агрессиясына сөзсіз алаңдаймыз және болашақта осындай оқыс оқиғаларды азайту бойынша қосымша шаралар әзірлеуге кірісеміз. Барлық кінәлі қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылады. Бұл оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр", - делінген әкімнің жазбасында.


Сондай-ақ облыс әкімі ата-аналардан, педагогтардан балаларды тәрбиелеуге және олардың басқа адамдарға құрметпен қарауын, дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуді сұрады.

Еске сала кетейік, теміртаулық жасөспірімдер жалғызбасты ер адамның үйіне баса-көктеп кіріп, ұрып-соққан. Қарағанды облысының полиция департаменті өкілдері Теміртау қаласының 67 жастағы тұрғынына жасалған шабуыл фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.