Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Талдықорған қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің лауазымды тұлғалары болып табылатын мониторингтік топ мүшелерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің жолын кесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққар қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram каналының мәліметтеріне сүйенсек, бөлім басшысы өзінің қарамағындағы бас маманмен сөз байласып, «Covid-19» коронавирус инфекциясымен күрес бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кезінде адамдар көп жиналатын іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, қала рестораторлары мен жаппай сауда өкілдерінен оларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдамау үшін жүйелі негізде 20 мыңнан 270 мың теңгеге дейін пара алған.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған пара сомасын берген мейрамханалардың 5 әкімшісі қылмыстық жауапқа тартылады.
Лауазымды адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселе шешілуде.
Тергеу амалдары жалғасуда. ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне сай басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды.
Айта кетсек, бұған дейін Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің лауазымды тұлғаларын ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау күдігі бойынша әшкерелеген болатын.
Нақтырақ айтсақ, аталған Департаменттің басшысы өзіне бағынышты – бас маманның делдалдығы арқылы Талғар АЭЖ қызметкерінен осы мекемедегі электр энергетикасы саласындағы тексеру нәтижелері бойынша оң қорытынды бергені үшін айтарлықтай мөлшерде пара алу күдігіне ілінді.
Аталған тұлғалар пара алу және беру, сондай-ақ осыған делдал болу фактілері бойынша өз кінәларын толық мойындауларына байланысты ұсталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.
