Қазақмыс Жезқазған мыс балқыту зауытының конвертерлеріне жоспарлы жөндеу жүргізуде

Қазақмыс Жезқазған мыс балқыту зауытының конвертерлеріне жоспарлы жөндеу жүргізуде

«Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытында балқыту цехының негізгі агрегаттарының бірі – №1 конвертерді күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Бұл жабдық штейн өңдеуге және тазартылмаған мыс алуға арналған. Жөндеу жұмысына 396,9 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды Ult.kz.

Жұмыс 1 қазанда басталды. Осы уақыт аралығында мамандар конвертердің футеровкасын толық ауыстырып, қаңқасын дәнекерлеу жұмысын жүргізді, сондай-ақ №2, №3 және №4 бронь тақталарын жаңартты. Жөндеудің негізгі мақсаты – агрегаттың техникалық жай-күйін қалпына келтіріп, сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Жезқазған мыс балқыту зауытының балқыту цехында төрт конвертер жұмыс істейді. Оларға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмысы жоспарлы-алдын алу жөндеуінің (ЖАЖ) жылдық кестесіне сәйкес жүргізіледі. Ағымдағы жөндеу жұмысы бекітілген бюджет шеңберінде, ал күрделі жөндеу инвестициялық бағдарламаға сәйкес орындалады. Әр конвертердің жөндеуаралық циклы 160 балқыманы құрайды.

№1 конвертердегі жұмыс аяқталғаннан кейін №2 конвертерге ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Оны 20 қазанда тоқтату көзделген. Одан кейін 7 қарашада №3 конвертерді тоқтатып, жөндеу жұмысы жүргізіледі. Жөндеуді кезең-кезеңімен орындау жабдыққа техникалық қызмет көрсетуді өндірістік кестеге сәйкес жоспарлауға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақмыс 2026 жылы Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға 25,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлетіні хабарланған болатын. Жабдықтарды жаңарту және жоспарлы жөндеу жұмысын жүргізу өндірістік қуаттардың сенімділігін арттыруға әрі технологиялық үдерістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.