22 шіл, 2019 сағат 06:23

Шымкенттің жиі қылмыс болатын ауданынан үш жасар қыздың денесі табылды

Шымкенттегі Май комбинатының айналасы қоршалды. Куәгерлердің айтуынша, осы жерде әлдекімдер үш жасар қызды өлтіріп кеткен. Оқиға орнында полицейлер мен криминалистер жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Көршілерінің айтуынша, кішкентай қыз шешесімен бірге жатақханада тұрған. Жан түршігерлік оқиға жатақханадан шамамен 500 метр арыда болған деген болжам бар.

Тамыз айында қыз төрт жасқа толар еді. Қазір оның денесін сот медициналық сараптамасынан өткізу үшін алып кетті.


Жергілікті тұрғын Халипа Қадырованың айтуынша, әйел қыздың шешесінен үнемі бәйек болып жүретін қызыңыз қалай ғана көшеде жалғыз қалды деп сұраған. Қыздың шешесі оған қайғылы оқиға болған кезде жұмыста едім деп жауап берген. Халипа Қадырова енді өзінің немерелерін уайымдап жатқанын айтады.

Сол аудан Шымкенттегі жиі қылмыс болатын аудандардың бірі саналады, тастанды гараждарға үнемі үй-күйсіз жүргендер, нашақорлар, ішімдікке салынғандар ағылады.

Криминалистер сыра бөтелкелерінен, сол төңіректегі заттардан саусақ іздерін алған.

Қазір арықтау келген, 1980 жылы туған, бойы 180 см ер адамға іздеу салынған.

Әзірше полиция ресми мәлімдеме жасаған жоқ.