13 қаң, 2026 сағат 11:31

Шымкентте 21 жастағы студент қызды өлтірді деген күдікті ұсталды

Фото: Otyrar.kz

Шымкент қаласында 21 жастағы студент қыздың өліміне қатысты күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Ult.kz. Бұл ақпаратты қала полиция департаменті растады.

Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 28 жастағы қала тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Күдіктіні іздеуге полиция департаментінің жеке құрамы толық жұмылдырылып, қалаға кіріп-шығатын бағыттарда бақылау күшейтілген. Нәтижесінде күдікті Шымкент қаласынан шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық аумақтан табылып, ұсталған.

Алдын ала анықталғандай, күдікті марқұм қыздың танысы болған. Қылмыстың нақты себептері мен мән-жайларын тергеу барысында анықталмақ.

Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында болған. Пышақ жарақатын алған 21 жастағы Нұрай Серікбай оқиға орнында көз жұмған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада қыздың қашып құтылуға тырысқаны, алайда күдіктінің оны ұрып-соғып, пышақ сұққаны көрінеді. Қылмыстан кейін ол оқиға орнынан бой тасалаған.

Марқұм Нұрай Серікбай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Ол отбасындағы кенже бала болған, екі ағасы бар. Жақындары қыздың мәйітін мәйітханадан алып, Түркістан облысындағы Төрткүл ауылына жерлеуге алып кеткен.

Аталған дерек бойынша адам өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.