Бірі болашақ жарын студенттік шағында кездестірсе, енді бірі күтпеген таныстықтың үлкен махаббатқа ұласарын білмеген. Қазақстандық танымал тұлғалардың арасында алғашқы кездесуі ерекше оқиғамен есте қалған жұптар аз емес. Өнер жұлдыздарының өздері бөліскен естеліктеріне сүйене отырып, олардың қалай танысқанын ult.kz тілшісі хабарлайды.
1. Мейрамбек Беспаев пен Мархабат Беспаева

Танымал әнші Мейрамбек Беспаев пен жұбайы Мархабаттың таныстығы 2002 жылы Алматыдағы Республика сарайында басталған.
Мархабаттың айтуынша, ол құрбысының шақыруымен концертке барған. Сол кезде өнер көрсеткен “МузАРТ” тобының мүшелерін танымаған. Концерт аяқталған соң қыздар әншілермен суретке түсуге асыққанда, Мархабат шетте тұрып қалған. Дәл осы әрекеті Мейрамбектің назарын аударған. Әнші көпшілікке қосылмаған қызды байқап, қасына шақыртқан.
“Ана қыз неге суретке түсуге келмей тұр? Шақырыңдар”, – деген әнші.
Мархабат суретке түсуге келіскеннен кейін Мейрамбек оған танысуды ұсынған. Осылайша кездейсоқ кездесу кейін үлкен сезімге ұласқан.
Жұп 2004 жылы шаңырақ көтерген. Мархабат бұл оқиғаны “Хабар” арнасындағы “МузАРТ – 25 жыл” бағдарламасында еске алған.
2. Тәуекел Мүсілім мен Махаббат Түктібаева

Актер Тәуекел Мүсілім болашақ жары Махаббатпен жарнама түсірілімінде танысқан. Алайда ол бастапқыда жұмыс орнында ешкіммен романтикалық қарым-қатынас бастамауды ұстаным еткен. Дегенмен Махаббатты көрген сәтте бұл шешімі өзгерген. Динара Сәтжанға берген сұхбатында актер бойжеткенді алғаш көргенде-ақ ерекше әсер алғанын айтқан.
Түсірілім аяқталған соң Тәуекел ұйымдастырушылардан қыздың телефон нөмірін сұраған. Бірақ олар алдымен Махаббаттың келісімін алу керектігін жеткізген. Кейін актер қыздың әлі кетпегенін біліп, өзі барып танысқан. Тіпті оны үйіне көлікпен жеткізіп салуды ұсынған.
Тәуекелдің айтуынша, Махаббаттың қарапайымдылығы мен ұяң мінезі бірден ұнаған. Осы таныстық кейін отбасылық өмірге ұласқан.
3. Бүркіт пен Аиша

Танымал әнші Бүркіт болашақ жары Аишамен өзінің туған күнінде танысқан. Сол күні мейрамханаға шақырған кубалық досы қасына шәкірті Аишаны ертіп келген. Әнші бойжеткенге бір көргеннен ғашық болған. Алайда Аишаның жүрегін жаулау оңайға соқпаған. Бүркіт екі жыл бойы гүл мен түрлі сыйлықтар, тіпті ноутбук пен теледидар тарту еткен. Екі рет үйленуге ұсыныс жасаса да, бойжеткен келіспеген.
“Екі жыл артынан жүгірдім. Екі рет сақина сыйладым. Екі рет бас тартты. "Шықпасаң, шықпа" деп ренжіп, өзім шетелге кетіп қалдым. Үшіншісінде бұл кісі өзі келді ғой”, – деп еске алды әнші.
Осылайша екі жылға созылған махаббат хикаясы ақыры некеге ұласқан. Кейін Бүркіт “Отец” подкастында 34 жасында Аишамен отбасын құруға шешім қабылдап, бастапқыда ата-анасына айтпай неке қиғанын да баяндаған.
Бүгінде екеуі қазақстандық шоу-бизнестегі танымал отбасылардың бірі.
4. Дастан Оразбеков пен Жанат
“Орда” тобы арқылы танылған әнші Дастан Оразбеков болашақ жары Жанатпен 2006 жылы ортақ таныстары арқылы кездескен. Бұл туралы өнер иесі НТК телеарнасының “Ревю” бағдарламасында баяндаған.
Әншінің айтуынша, құрбылары екеуінің тегі бірдей екенін байқап, таныстыруды ұйғарған.
“Сіздердің фамилияларыңыз бір, танысып қойыңыздар”, – деп ұсыныс жасаған құрбысы.
Алайда таныстықтан кейін көп ұзамай Дастан жұмыс бабымен Мәскеуге кетіп, ғашықтар қарым-қатынастарын қашықтан жалғастыруға мәжбүр болған. Сол кезде әнші сүйіктісіне деген сезімін жеткізу үшін “Тамшылар” әнін жазған.
“Сезімімді білдіру үшін оған арнап осы әнді жаздым. Әннің алғашқы шумағында "Сенсің Жәннәт" деген жолдар бар. Шынымен де көз алдымда ол маған жұмақтай сезілді”, – деп бөліскен әнші.
Осылайша кездейсоқ таныстық үлкен махаббатқа ұласып, кейін екеуі шаңырақ көтерген. Ал “Тамшылар” әні олардың махаббат тарихының ерекше естелігіне айналған.
5. Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева

Танымал әнші Тоқтар Серіков болашақ жары Бейбіт Сейдуәлиеваны алғаш рет 2000 жылы “Нұр-Мұқасан” тобының концертінде көрген. Сол күні Ұлықпан Жолдасовпен бірге алдыңғы қатарда отырған әнші сахнадағы бойжеткенге бірден назар аударған.
“Керемет әнші келіпті ғой, мына қызды тауып алу керек”, – деп ойлағанын еске алды ол.
Арада бір апта өткенде Тоқтар Бейбітті тауып, танысқан. Бастапқыда оған ағалық қамқорлық көрсетіп, кейін екеуі бір-біріне бауыр басып кеткен.
Әнші Бейбітке алғаш сыйлаған сыйлығының алма болғанын да жасырмады.
“Мен алманы арнайы сатып алып, Бейбіттің қолына ұстаттым. Маған рақмет айтып, ризашылығын білдірді. Бірақ алманы қандай оймен беріп тұрғанымды білмейді ғой”, – деді ол.
Тоқтар алғашқы кездесулерінің бірінде Бейбітті Барби қуыршағына ұқсатқан. Алайда қуыршақтың атауын шатастырып, “Борби” деп айтып қойған. Бейбіт оның қатесін түзетіп, күліп жіберген.
Әнші осы сәтте алғаш рет қыздың алдында ұялғанын еске алды. Осылайша концертте басталған таныстық кейін үлкен махаббатқа ұласып, екеуі шаңырақ көтерген.
Бірі концертте, енді бірі түсірілім алаңында немесе оқу орнында кездескен. Кейбірі алғашқы сәттен-ақ бір-біріне қызығушылық танытса, енді бірінің махаббаты уақыт өте қалыптасқан.
Бұл жұртардың оқиғасы таныстықтың қай жерде және қалай басталатынын алдын ала болжау мүмкін емес екенін көрсетеді. Кейде бір сурет, қарапайым әңгіме немесе күтпеген кездесу адамның бүкіл өмірін өзгертуі мүмкін.
