11 мам, 2021 сағат 12:55

ШҚО-дағы алапат өртке қатысты күдікті ұсталды


Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері алапат өртке қатысты күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, кеше Риддер орман шаруашылығында шыққан тілсіз жаумен күресуге 300-ден астам полицей жұмылдырылған. 

«ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығы бойынша өңірдің тәртіп сақшылары оқиға орнында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, халыққа көмек көрсетіп жатыр. Құтқарушылармен бірге қызыл жалынды ауыздықтауға кірісіп, Лесхоз кентінің тұрғындарын эвакуациялауда», - делінген хабарламада.

Риддер қалалық Полиция бөлімінің жеке құрамы түгелдей күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Сондай-ақ өрт ошақтарында 40-қа жуық арнайы техника жұмыс істеуде.

«Қазіргі уақытта аталған өрт фактісі бойынша күдікті ұсталды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 204-бабы 2-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ақпаратта. 

Естеріңізге сала кетсек, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды. 

Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.