Фото:mvideo.ru
Адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүретін, итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайтын квадроберлерден еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге қатер төніп тұр деп есептейді депутат Дәулет Мұқаев. Ол бұл туралы Мәжіліс мінберінде айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Депутаттың сөзінше олар тек сыртқы кейіп өзгертіп қана қоймай, иттерге тән әркеттер жасап адамдарға шабуылдау яғни, тырнау, тістеу фактілері де кездескен.
"Дәл бұл оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерді. Бұл бұл ма?! Әлеуметтік желідерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастыруда. Бұл бір қарағанда балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсері тигізіп, шектен шығып барады. Ал батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарған. Бұл субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар, квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылуда", -дейді депутат.
Д. Мұқаевтың ойынша балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп жатыр.
"Біз бұл мәселеленің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айрылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процессі алға шықты", -деп отыр депутат.
Оның айтуынша Ресейде бұл мәселе бойынша заң қабылдау талқыланса, Өзбек халқы ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесі қолға алынған. Мәжілісмен біздің елде де құзырды органдар, бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын-алу шаралары бойынша кешенді шаралар қабылдауы тиіс деп есептейді.