19 нау, 2021 сағат 11:20

Сәуірде бір миллионнан аса адам вакцина салдырады - Цой

Сәуір айында Қазақстанда коронавирусқа қарсы 1 миллионнан астам азаматты вакциналау жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сәуір айында Қазақстанда 1 млн. астам азаматты COVID-19-ға қарсы вакцинациялау жоспарлануда. 

Республика бойынша халықты КВИ-ге қарсы кезең-кезеңімен вакцинациялау жалғасуда.

Бүгінгі күні еліміздің өңірлеріне 145 мың доза вакцина жеткізілді. Ал ағымдағы жылғы наурыздың соңына дейін қосымша 150 мың дозаны жеткізу күтілуде.

2021 жылғы 19 наурыздағы жағдай бойынша 100 мыңнан астам адам егілді, оның ішінде 63 мыңнан астам медицина қызметкері, 22 мың педагог, күш құрылымдарының 7 мың қызметкері, 8 мың – азаматтардың басқа санаттары», - деп жазды министр Facebook-те.

А.Цойдың айтуынша, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің ауыр жағдайлары тіркелген жоқ. 

«Бұл ретте егілген адамдардың 1%-ында күтілетін реакциялар, мысалы, дене температурасы көтерілген тұмауға ұқсас жай-күйлер, жалпы әлсіздік, сондай-ақ вакцина енгізілген жердің ісінуі және қызаруы түріндегі жергілікті көріністер тіркелуде.

Халықты одан әрі иммундау мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айында 1 млн. астам азамат вакцинацияланатын болады. 

Осыған байланысты созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұрған, 65 жастан асқан адамдарды, сондай-ақ азаматтардың басқа да санаттарын қоса алғанда, вакцинациялауға жататын халық топтарын кеңейту көзделуде.

Вакцинация КВИ-мен күресудегі ең тиімді шара болып табылады», - деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрі.