Елорданың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов газ тарату шаралары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, газды алдымен жылу электр стансаларына тарту жоспарланған. Себебі бүгінде аталған нысандар экологияға үлкен зиян келтіріп отыр. Мәселен, ЖЭС-1 әбден тозған. Себебі сонау 60-шы жылдары салынған. Сол жерде мазут жағатын қазандықтарды өзгертіп, табиғи газды жағу жоспарланып отыр. "Сосын Көктал-1 мен Көктал-2-ге тартылады. Себебі ол жерде көмірді көп жағады. Одан кейін Оңтүстік-Шығыс ауданның сол жақ және оң жағы, ары қарай Мичурино, Қызылжар, Өндіріс және тағы басқа елді мекендерге тартылады. Бұдан бөлек, Қорғалжынға қарай Ильинка мен Үркер жаққа кетеді", - деді Е.Төлеуов ҚР Парламент Мәжілісінде өткен "дөңгелек үстелде".
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, осы айда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. "Біз министрлікпен үнемі байланыс ұстап отырамыз. Себебі газ құбыры келгенде тарату желілері дайын тұруы қажет", - деп атап көрсетті Е.Төлеуов.
Айта кетейік, бүгінгі жиында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы туралы айтып берді.
"Сарыарқа" газ құбыры алдымен Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау мен Нұр-Сұлтан маршрутымен салынады. Бұл - құрылыстың алғашқы кезеңі. Осының арқасында құбырға жақын орналасқан 740 мың адамды табиғи газбен қамтасыз етуге мүмкіндік бар. Әрине, инфрақұрылымның салынуына қарай газ тұтынатын адамдардың саны артады. Өткен жылы тамыз айында Үкімет жобаның сызба-нұсқасы мен қаржыландыру шарттарын мақұлдады. Жобаның құны - 267,3 млрд теңге. Қараша айында "Астана газ" АҚ мен мердігер компания - "Қазқұрылысқызмет" АҚ арасында тиісті келісімшартқа қол қойылды. Қазіргі кезде барлық қажетті теxника мен мамандар тартылды. Дәнекерлеу жұмыстары басталды. "Сарыарқа" газ құбырының, шамамен, 1300 метрі салынды", - дейді М.Мырзағалиев.