Қоғам қайраткері әрі саясаткер Уәлихан Қайсаров Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтаруға қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, тарихи жәдігерді іздеуге көмектесетін делдал табылғанымен, қажетті қаржы мәселесі әлі шешілмеген, деп хабарлайды ult.kz.
Уәлихан Қайсаров “Қасқа жол” бағдарламасына берген сұхбатында елдегі әскери жүйені жаңғырту, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысып жүрген қазақстандықтар және тарихи мұраны қайтару мәселелерін қозғады.
Саясаткер алдымен Кенесары ханның бас сүйегін елге жеткізуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, ең алдымен тарихи тұлғаның бас сүйегі нақты қайда сақталғанын анықтау қажет.
“Қазір ең басты мақсатымыз – Кенесары ханның бас сүйегін алып келу. Бірақ алып келудің алдында оны табу керек. Делдалды таптық, бірақ жеткілікті қаражат таба алмадық. Бұған қаражат бөлетін ешкім табылған жоқ. Алып келуде мәселе жоқ. Басты мәселе бізде”, – деді ол.
Қайсаров бұл тақырыпты Қырғызстан өкілдерімен де талқылағанын жеткізді. Әңгіме барысында ол Кенесары ханның бас сүйегінің Ресейге берілуіне қатысты наразылығын білдірген.
“Біз сіздерге ренжіген жоқпыз. Сол басын Ресейге сатып жібергендеріңізге наразы болдық. Ол бізге көрсетіліп отырған қорлық”, – деген сөзімді жеткіздім, – деді саясаткер.
Айта кетейік, Кенесары ханның бас сүйегінің нақты қайда екені жөнінде ресми түрде расталған мәлімет жоқ. Сондықтан Қайсаровтың делдалға қатысты айтқандары әзірге оның жеке мәлімдемесі болып саналады.
“18 жастағы балалардан пайда жоқ”: саясаткер әскер туралы пікір білдірді
Сұхбат барысында Уәлихан Қайсаров Қазақстан армиясының қазіргі жағдайына да тоқталды. Ол заманауи соғыс тәсілдерінің өзгергенін айтып, әскерді жаңа технологиялармен жабдықтау қажеттігін атап өтті.
“Бұрынғы автомат ұстайтын заман бітті. Қазір дрондар мен зымырандарды меңгеру керек. Әскерде келісімшарт негізінде қызмет ететін, арнайы даярланған мамандар болуы қажет. 18 жастағы балалардан пайда жоқ”, – деді ол.
Қайсаровтың пікірінше, әскери қызметте кәсіби даярлығы жоғары, заманауи қару-жарақ пен технологияларды меңгерген мамандарға басымдық берілуі тиіс.
Сонымен қатар қоғам қайраткері Украинадағы соғысқа қатысып жүрген Қазақстан азаматтары туралы да ойын айтты. Ол қаржылай пайда табу мақсатында өзге мемлекеттің мүддесі үшін соғысқа аттанған адамдардың әрекетін құптамайтынын жеткізді.
Осылайша, Уәлихан Қайсаров сұхбатында елдің қорғаныс қабілетін күшейту мәселесімен қатар, Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтару ісінде қаржылық қолдаудың жетіспей отырғанын алға тартты.
Уәлихан Қайсаров кім?
Уәлихан Әбішұлы Қайсаров – қазақстандық саясаткер, экономист, қоғам қайраткері және Парламент Сенатының бұрынғы депутаты. Ол 1965 жылы 7 қазанда Қарағанды облысының Абай қаласында дүниеге келген.
1989 жылы Қарағанды политехникалық институтын тәмамдаған. Кейін Кембридждегі Eurocentre мектебінде және Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында білім алған. Сондай-ақ 1998 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын “Қарағандыкөмір” өндірістік бірлестігінде жерасты жұмысшысы болып бастаған. 1990–1992 жылдары Абай қаласында мемлекеттік салық инспекторы және салық инспекциясы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 1994–1999 жылдары “Интеркорпорация” компаниясын басқарған. 1999 жылы Қарағанды облысынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған.
2005 жылы Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде өзін-өзі ұсынғанымен, сайлауға кандидат ретінде тіркелмеген. Кейін “Азат” жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен “Әділет” демократиялық партиясының қызметіне араласқан. 2007 жылдан бастап “Ауыл балалары” қайырымдылық қорына жетекшілік еткен.
Қайсаров Кенесары ханның тарихи мұрасын зерттеу және оның бас сүйегін Қазақстанға қайтару мәселесін көтеріп жүрген қоғам қайраткерлерінің бірі ретінде де белгілі. 2023 жылғы ресми сайлау құжаттарында ол “Кенесары хан” қорының президенті ретінде көрсетілген. Сол жылы Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп, саяси қызметін жалғастырған.