Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласындағы атыстан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алатау ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Барлық тиісті көмек пен қолдау көрсетіледі» - деп жазды қала басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Еске салайық, бүгін, шамамен сағат 17:00-де Алатау ауданындағы Ақбұлақ мөлтекауданындағы тұрғын үйлердің бірінің 1967 жылғы тұрғыны атыс шығарған. Ол аңшы қаруымен сот орындаушысына, полицияның учаскелік инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырған. Нәтижесінде бес адам қайтыс болды.
Қаза болғандардың ішінде 1982 жылғы майор және 1988 жылғы капитан, сонымен қатар сот орындаушысы және дау нысаны болған үйдің жаңа иесі бар. Алматы ТЖД мәліметінше, департамент қызметкерлері зардап шекпеді.
Құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғазған. Бұл қылмысты жасағандар 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Күдіктіні арнайы қызмет өкілдері оқиға орнында қару қолданбай ұстаған, өйткені үйде әйелдер мен балалар болған.