20 қыр, 2021 сағат 21:30

Алматыдағы төтенше оқиға: ер адам үйдің жаңа иесін атып тастаған



Алматыдағы "Ақбұлақ" шағынауданында болған атыс кезінде қаза тапқандардың бірі үйдің жаңа иесі болып шықты. Бұл туралы Алматы қаласы ПД басшысының орынбасары Рүстем Абдрахманов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.


Тәртіп сақшыларының айтуынша, жеке меншік үйге сот орындаушы полицейлермен бірге келген. Олар бір жарым сағат бойы үйге кіре алмаған. Кейін үйдің ішінен оқ атылды. 


"Трагедия шамамен сағат 17:00-де болған. Сот орындаушысы мен полицейлер сот үкімін орындауға келген. Сол кезде баспананы босатуға міндетті ер адам үйге кіріп кетті де, заңды түрде тіркелген қарудан сот орындаушысы мен аулада тұрған адамдарға оқ атты. Қайтыс болғандардың ішінде біздің екі қызметкеріміз, сот орындаушы және тағы екі адам бар. Қайтыс болғандардың арасында үйдің жаңа иесі де бар", - деді Рустам Әбдірахманов.


Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.


"Бұл әрекет екі және одан да көп адамды өлтіру қылмысына жатады. Ондай қылмыс үшін 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Арнайы жасақ күдіктіні ұстады. Біз қару қолданған жоқпыз. Өйткені үйде әйелдер және балалар болған", - деп атап өтті Әбдірахманов.


Бұған дейін қайтыс болғандардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің екі қызметкері бар деген ақпарат болған. Алайда төтенше жағдайлар министрлігі ол мәліметті жоққа шығарды. 


Қылмыскер карабиннен оқ атқан. Оны ұстау үшін қару қолданылған жоқ. Алайда арнайы жасақ қызметкерлері жұмылдырылды.


Алматыдағы атыс


Бүгін сағат 17:00-де "Ақбұлақ" шағын ауданында төтенше оқиға болды. 54 жастағы Алматы тұрғыны 5 адамды атып тастады. Алматы қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, олар сот үкімін орындауға келген.


Үкімге сәйкес, үй иесі баспананы босатуға тиіс еді. Бірақ 1967 жылы туған ер адам қарсылық көрсетіп, екі полицей мен сот орындаушыға және олардың жанындағы екі адамға оқ атқан. Біреуі - үйдің жаңа иесі.



Қайтыс болған полиция қызметкерлерінің аты-жөні :


  1. Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Дархан Дауылбайұлы Сүлеев, 1982 жылы туған;

  2. Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Нұрбол Назарбайұлы Байғазиев, 1988 жылы туған.